Жеңіс күніне арналған ауқымды шаралар өткізілмейді, бірақ...
Биыл елімізде Жеңіс күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар өтпейді. Шенеуніктер төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың ескерткіш пен зираттарға барудан да бас тартуын сұрап отыр. Десе де, көзі тірі қарт жауынгерлер ескерусіз қалмайды. Өнерпаздар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысқан батырларды ауласына барып құттықтап жатыр. Ал кейбір іс-шара онлайн өткізілуде. Пандемиямен тұспа-тұс келген Жеңістің 75 жылдығы қалай аталып өтіп жатқанын тілшіміз айтсын.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
08.05.2020
Әдетте Жеңіс күні қарсаңында Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағына келушілер күрт көбейетін. Өйткені жұрт дәстүр бойынша мәңгілік алауға гүл қоятын еді. Бірақ биыл төтенше жағдайға байланысты аумақ қоршалып, полицейлер ешкімді кіргізбей жатыр. Ауқымды мерекелік шара өткізуге де тыйым салынған. Алайда өнерпаздар құр қол қарап отырған жоқ. Мәселен, бүгін мегаполистегі опера әншілері өз пәтерінің балконына шығып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Карантиннен жалыққан халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әншілердің өздері де ерекше әсер алғанын айтады. Себебі, бұл олардың балконнан тұңғыш рет ән салуы.
Болат Қанағатов, опера әншісі:
- Сахнада айтып үйреніп қалғанбыз, қалай айтса болады енді? Балконда ән айтқан әрине, өмірде бірінші рет болғандықтан, әсері басқаша болады екен.
Ал тараздық өнерпаздар шағын концертін тұрғын үй кешенінің ауласында қойды. Мұнда жастық шағын оқ пен оттың ортасында өткерген батырлардың бірі тұрады. Омырауы орденге толы қарт жауынгер мерекелік шараны балконнан бақылады. Ал шенеуніктер кран арқылы жоғарыға көтеріліп, ардагерге сыйлық табыстады.
Олар ерекше құттықтау үлгісін ойлап тапқан. Бір жағынан қазір қарияның үйіне жаппай кіру қауіпті дейді атқамінерлер.
Ақтөбелік өнерпаздар да қалыс қалмады. Мұнда әншілер ірі дүкендерді аралап, соғыс даласындағы ерлікті дәріптейтін шығармаларды шырқаған. Карантин кезіндегі ерекше мерекелік шаралар өңірде әлі де жалғасады.
Әсел Бакубаева, Ақтөбе қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы:
- Бүгінгі күні кешке «Жеңіс шырағы» акциясын ұйымдастырудамыз. Акция барысында кешкі уақытта пәтердегі шамдарды өшіріп, терезе немесе балкондардан фонариктерді, яғни шамдарды жағуды сұраймыз. Бұл арқылы біз шамалы болса да үнсіздігімізбен қаза болған офицер солдаттарға және ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсетуді мақсат етіп қойған болатынбыз.
Семейде полицейлер ардагер тұратын үйдің ауласына LED экран орнатып, алдын ала түсірілген концерттерін көрсетті. Пандемияның кесірінен биыл Жаужүрек полк мерекелік шеруі де онлайн түрде өтпек. Бұл туралы айдың басында ресми хабарлама таратылып, қазір әлеуметтік желілерде майдангерлер хақында ұрпақтарының естеліктері жарияланып жатыр.
Аида Баймақова, «Жаужүрек полк» бастамасының үйлестірушісі:
- Ешқандай тікелей трансляция болмайды. Әр қатысушы өзінің жеке парақшасында ардагер туысы жайлы ақпаратты хэштег арқылы жариялайды. Осы арқылы «Жаужүрек полк» акциясының халықаралық картасынан кімдер қатысқанын байқауға да мүмкіндік бар.
Петропавлдықтар соғысқа қатысқан ата-бабаларының суретін үйінің терезесіне іліп тағзым етуде.
Алматы көшелеріндегі электронды билбордтардан да ардагерлердің бейнесі көрсетіліп жатыр. Коронавирусқа байланысты Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде тойланбағанымен, жауынгерлердің есімі әрқашан ел есінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!