{metadescription}
Сақ бол! WhatsApp-тағы алаяқтықтан жаппай жапа шегіп жатыр
Сақ бол! WhatsApp-тағы алаяқтықтан жаппай жапа шегіп жатыр

Сақ бол! WhatsApp-тағы алаяқтықтан жаппай жапа шегіп жатыр

Аңқаулардың апаны! Елімізде алаяқтықтың жаңа түрінен жапа шеккендердің саны артты. Қазір уатсап желісінде «Ақшаңды төрт еселеу», «Тез табысқа жету» деген атаумен чаттар көбейген. Оңай олжаға қол жеткізгісі келетіндер қармаққа ілініп, соңғы теңгесін болса да ойланбай жіберіп, опық жейді. Ең сорақысы, алданағандар ақшасын қайтару үшін өзгелерді осы чатқа кіруге үгіттейді. Құзырлы органдар осындай алаяқтармен қалай күресіп жатыр?

Біреудің сенімінен пайда көргендердің адамдарды басқару тәсілі қандай? Оны тілшіміз зерттеп көрді.

- Жақынын, туысын, досын өтірік алдап соғады. Білмеймін, адамдар, не болған сендерге, естерің дұрыс па?  

Қазір мұндай чаттардың санында есеп жоқ. Көрпесіне қарай көсілетіндер шамасына қарап біреуіне кіреді. Ақшасын береді. Еселенгенін күтеді. Бірақ «Балқантауда алтын түгілі, бақыр да жоғын» тек соңында біледі. Әттең, кеш.

Түк жоқ. Жиырма төртінші желтоқсанда 20 мың салғанмын. Түбіртегі қолымда. Сендім де, салып жібердім. Чатқа жаздым да, талай жеріне, қарағым ау, сонда мына халықты, қарт адамдарды алдай беруге рұқсат па? Бұл қалай?!

Бұл зейнеткердей күйінгендер көп. Аңқаулық жасап, алданғандар жүзін көрсетуден қашады. Аузы күйгендердің бірсыпырасы ақшасын қайтару үшін өзі түскен орға өзгелерді сендіріп сүйрейді. Чатта орташа жиырма админ болады. Жаңадан кіргендерді ауыз аштырмай иландырып, көз жұмып қаржысын беруі үшін жан-жақтан үгіттейді.

Чат қонақтары, шығып кетуге асықпаңыздар. Сіздер бұның қандай жоба екенін әлі түсінген де жоқсыздар. Бұл жерде командалық жұмыс. Жанды кезек. Жиырма мыңдарыңызбен тіркеліп, сексен мың теңге алып шығыңыздар.

Чатқа сізді рұқсатыңызсыз кіргізеді. Нөміріңізді қайдан алғанын айтпайды. Танысыңызды қосам десеңіз, құптайды. Біз де мәселенің мән-жайына қанығу үшін сондай топтардың біріне тіркелдік.

Мені дәл қазір 20 мың салып, 80 мың алуға үміткерлердің чатына қосты. Осындағы әкімшіліктің бірімен байланысқа шықтық. Ол қазір бізбен әрең дегенде бейнеқоңыраумен сөйлесуге келісті. Көкейдегі сұрақтардың біразын қойып, жауап алуға тырысып көрейік.

- Сенімге иек артылған ойын. Ешкім ешкімді алдамайды.

- Заңды рұқсат бар ма бұнда?

- Былай қарағанда заңды рұқсат жоқ. Бірақ мұнда, Аллаға шүкір, өзіміз  адамбыз ғой, пендеміз ғой, біреуді алдап, біреудің ақшасын алмаймыз. 

- Шамамен қанша күн алады? Мен, мысалы, 20 мыңмен кірдім.

- 10, 12 күн, былай қарағанда.

Тек соқыр сенімге негізделген мұндай топтың табыс табу тәсілі пирамидаға ұқсас. Бір адам тағы төрт клиент табуға міндетті. Ол төртеудің артынан 16-сы келеді. Осылайша кете береді. Бірақ түптеп келгенде, басында тұрғандар қаржыға қарқ болып, соңындағылар бармақ шайнап, құйған ақшасы күйіп кетеді.

Мақсат Халық, экономист:

- Қаржы дағдарысы басталған кезде елдің, халықтың жағдайы нашарлай бастаған кезде, бұндай алаяқтық жолмен ақша табатын азаматтардың қатары артады. Сондықтан да енді бірден айту керек, бұл жерде түсінікті жағдай, ақшаны беріп жатқан кезде, ол «екі есе, үш есе қайтарып береміз» деген сөз болса, демек, одан міндетті түрде сақтанған дұрыс.

Құзырлы органдар күмәнді чаттардың жұмысын бақылауға алғанын жеткізді. Кінәсі айқындалғандар жазадан құтылмайды. Қанша адамды қан қақсатқан «Гарант Ломбард 24» көбін ойландырғандай еді. Бірақ, сабақ болмаған секілді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде