Дубайда көз жұмған қызының сүйегін еліне жеткізе алмай отыр
Алматылық отбасы Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды. Олар бір апта бұрын Дубайда көз жұмған қызының денесін еліне жеткізе алмай отыр. Болжам бойынша, Умида Сабирова өз-өзіне қол жұмсаған. Бірақ туыстары бұған сенбейді. Өйткені 20 жастағы бойжеткеннің қазасына қатысты «жұмбақ көп» дейді. Марқұм Дубайдағы қонақ үйде жұмыс істеген екен. Қазір адам өліміне қатысты тергеуді жергілікті полиция жүргізіп жатыр.
Автор: Әсем Қабылбек
11.05.2020
Бір аптадан бері қызын жоқтаған Мехриай Сабирова – азалы. Қаралы хабарды қызы Умидамен бірге жұмыс істеген отельдің қызметкерлері жеткізіпті. Содан бері ол өзін қоярға жер таппай жүр.
Мехриай Сабирова, марқұмның анасы:
- Қызымның қайтқанына бүгін 7 күн, Біріккен Араб Әмірліктерінен оның денесін қайтарсыншы. Басқа ештеңе сұрамаймын. Ешкімді айыптамаймыз. Ата-әжесінің жанынан мұсылманша жерлегіміз келеді.
Умида Сабирова былтыр тамызда Біріккен Араб әмірліктеріне жұмысқа кеткен. Дубайдың қақ ортасындағы зәулім қонақүйде хостес қызметіне орналасқан. Жалақысын үйіне жіберіп көмектесіпті. Ең басты мақсаты – университетке түсуге ақша жинау еді. Әпкесі Манзураның айтуынша, соңғы кезде оның ізіне белгісіз біреулер түсіп аңдыған. Сіңлісінің жұмбақ өлімін сонымен байланыстырады.
Манзура Сабирова, марқұмның әпкесі:
- Умидаға соңғы кезде бірдеңе болғаны анық. Біреу оны қатты қорқытып, аңдыған. Сондықтан үйге қайтқысы келетінін айтты. Қазір бәрін суицидке ысыра салып жатыр. Бізге өлімге қатысты шындық керек емес. Бауырымның денесін жүк таситын ұшақпен болса да, қайтарсыншы. Не болса да, олар өздерін ақтап, шындықты жасыратыны анық.
Биыл көктемде 20 жасқа толған Умида ағылшын және француз тілдерін жетік меңгерген. Мектеп жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысып, Алматы қаласының намысын қорғаған екен. Жастар арасында ел чемпионы деген атағы бар. Жеке бапкері Светланамен соңғы рет 21 сәуірде сөйлесіпті.
Светлана Бодрицкая, жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы:
- Өте еңбекқор қыз. Соңғы жарты жылдай менің қол астымда жаттықты. Барлық тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Колледждегі оқуы мен спортты қатар алып жүрді. Былтыр шілде айында Қазақстан кубогына қатысып, артынша Дубайға кететінін айтты. Болған жайтқа сене алар емеспін.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Умида Сабированың өліміне қатысты істі бақылауға алғанын мәлімдеді. Тергеу жұмыстары екі-үш аптаға созылуы мүмкін. Ал марқұмның туыстары карантинге байланысты Дубайға ұша алмай отыр. Оған қоса, мәйітті елге жеткізуге қыруар ақша қажет. Ондай соманы табысы аз отбасының қалтасы көтермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!