Карантин: 11-мамырдан кейінгі шектеулер мен өзгерістер
Ештен кеш жақсы! Биыл елімізде соңғы қоңырау салтанаты кешірек өтетін болды. Әдеттігей 25 мамырда емес, маусымның 3-4-і күндері болады. Бірақ жиын тек ашық аспан астында өтуі керек. Әрі оған қатысушы саны шектеледі. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздегі балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейтін болды. Мұнда да тек әр топтағы бала санына шектеу қойылады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
11.05.2020
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Шектеулерді ескере отырып, карантиндік режимде әрбір балабақшада 15 баладан аспайтындай деңгейге жеткізсек деген ойымыз бар. Сондықтан әрбір жұмыс істейтін ата-ана бүгінде толықтай балабақшаға баласын апаруға мүмкіндігі бар.
Ал мектеп оқушылары мен колледж және жоғару оқу орны студенттерін қашықтан оқыту оқу жылының соңына дейін жалғаспақ. Айта кетерлігі, Ұлттық бірыңғай тестілеу де штаттық режимде өтетін болды. Ол 20-маусымнан басталады. Енді елімізде спорт жаттығулары мен мәдениет саласындағы қызметкерлердің дайындық жасауына да рұқсат. Бұл үшін спорттық және мәдени нысандар ашылған.
Бүгіннен бастап сән салондары мен білім беру орталықтарының қызметі жанданды. Азық-түлік сатпайтын шағын базарлар да жұмысқа кіріскен. Еліміздің бас қаласында ертеңнен бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Қоғамдық көліктер де жүре бастайды. Тұрғындардың саябаққа барып, таза ауамен тыныстауына рұқсат етілді.
Бахтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Саябақ, алаң, сквер мен жағалауға баруға рұқсат етіледі. Бірақ топтасып жүретіндер саны үш адамнан аспауы керек. Олардың белгіленген ара қашықтықты сақтап, бетперде киюі маңызды. Нұр-Сұлтандағы саябақтар мен скверлердің бәрі бүгін ашылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!