Төтенше жағдай режимі алынса, карантин не үшін сақталады?
Төтенше жағдайдың біткенін күтіп Алматыға асыққан маңайдағы елді мекен тұрғындары блок-бекеттерде кептеліп байбалам салды. Өйткені төтенше жағдай біткенімен, карантиннің жалғасатынын көбі білмеген. Сондықтан «қалаға қалайда кіреміз?» деп талап қойып тұрып алды. Нұр-Сұлтан қаласына кіреберіс жерлер де осындай ұрыс-керіс алаңына айналған. Сонымен, қалаға кімдердің кіруіне рұқсат? Тілшіміз блок-бекеттердегі жағдай туралы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.05.2020
Алматының блок-бекеттері бүгін құдды базарға айналғандай. Жиналған жұрт екіге бөлінген. Бірі ары өтуге, екіншілері қалаға кіруге асық.
- Мен Түркістанға баруым керек. Өзім Түркістан қаласында туып өскенмін. Енді не істеймін? Қайда тұрамын? Айтыңыздаршы!
Негізінен карантинде амалсыз қалада қамалып қалғандар қалтасының түбі қағылған соң үйіне қайтпақ. «Тентіреп кеттік» дегендер полицейлерге жәудіреп жағдайын айтқанымен, жанарынан жылу көрмеді. Ай-күні толып, әне-міне босануы тиіс Наргиза Матпаева да блок бекеттердің арасында сандалып жүр. «Облыстың перзентхасында тіркелдім, сол жақта босанамын» -деген келіншектің базынасын ешкім құлағына ілмеген.
Наргиза Матпаева:
- Айтуға сөзім жоқ. Халықты мазақ қылғаны ма, білмеймін! Адамның бәрін ушықтырып жатыр. Мұншалықты адамды қақсатып, сорлатуға болмайды ғой!
Рұқсат қағазы барлар ғана еш кедергісіз өтеді. «Алтын орда» базары жақтағы блок-бекеттің арғы басынан бер жақтағы тексеру пунктіне дейін шамамен бір шақырым. Ебін тапқандар транзитті аймақта тіптен кәсібін дөңгелетіп, жаяу жүріп шөлдегендерге көже сатуға көшкен.
- Кейбіреуіне былай, ақшалары жоқ, тегін де беріп жатырмыз, шыны керек.
- Дәмін татып көріңіз.
- Дәмді екен.
Бергі бетке телміргендердің көбінің санасы осы көжедей сапырылысқан. Елу күн карантинге көнгендер енді әрекет етпесе, «нансыз қаламыз ба?» деген уайымның жетегінде.
Блок-бекеттердегі жағдай түске қарай саябырсыды. Таңда қаумалаған көпшілік бергі бетке өте алмай тауы шағылған соң, тарап кеткенге ұқсайды. Бірсыпырасы «өтіп қаламыз ба?» үмітпен әлі осы маңды торуылдап жүр.
Елорданың блок-бекеттері де ентелеген елге толды. «Жетіскеннен жүрген жоқпыз» деген жұртшылық әркімнің жағдайына қарай «жеңілдік жасаса» деген пікірде.
Батырбек Есімов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Балаларымды алып келейін деп едім. Үш баламды. Екі ай болды. Жылап жатыр, кішкентайым алты жаста. Соны алып келуге рұқсат бермей жатыр. Таңғы 7-ден бастап осында тұрмын. «Штабқа барасың, штабта рұқсат қағаз берсе, сонда ғана өтесің» - дейді. Бейбітшілік 11-ге жіберді. Онда жабық, кіргізбейді. Ешкім кіре алмады.
«Төтенше жағдай режимі алынса, карантин режимі не үшін сақталады?» деген сұрақ көптің көкейінде тұр. Қала мен облыс арасында қатынап қызмет істейтін азаматтардың жайы не болады деген мәселенің мән жайын бүгін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов түсіндірді.
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Егер Алматы қаласында тұрып, Алматы облысында жұмыс істейтін азаматтар болатын болса, не болмаса, Алматы облысында тұрып, Алматы қаласында жұмыс істейтін азаматтар болатын болса, оларға жұмыстарына баруға толық мүмкіндік бар. Оған ешқандай шектеу жоқ.
Ол үшін жұмыс беруші тізім даярлап, штабқа өткізіп, бекіттіруі қажет. Осылайша қызмет жайына алаңдағандар енді сары уайымға салынбаса болады. Ал қаланың шыға берісіндегі блок-бекеттердің қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Ауру айылын тезірек жиса, қала мен облыс тұрғындарының қайта қабаттасар күні қашық емес деп сенейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!