Өзге елдердегі карантин режимі
Індеттің дендеп жатқанына қарамастан, Ресей карантин режимін жұмсартып жатыр. Бүгіннен бастап Ресейде жұмыс күндері басталып, кәсіпорындар мен құрылыс жұмыстары қарқын алды. Аурудың кесірінен экономикасы едәуір әлсіреген өзге елдер де карантиннің қатайған талаптарын босаңсытуға мәжбүр. Ал қаржыдан қысылған еуропалықтар түн ортасында дүкендер мен шаштараздарды ашып тастады.
Автор: Аруна Ортай
12.05.2020
Бұған дейін тек тәртіп сашыларына ғана топтасып жүруге рұқсат етілген Мәскеудің көшелеріне бүгіннен бастап жан бітті. Азық-түлік дүкендері мен дәріханадан басқа жерге шығып көрмеген халық бүгін бірінші күн костюмін киіп жұмысқа шықты.
Владимир Путин, Ресей президенті:
- Бүгіннен бастап елде бірыңғай жұмыс емес күндер кезеңі тоқтатылады. Бірақ бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым саламын. Әрине, азаматтар әлде де санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Дүкендер, қоғамдық көліктер, кәсіпорындар тазалықты қатаң ұстануы қажет.
Жұрттың жұмыс киімін сөрелердан алып шығуына экономикалық ахуал себеп. Мемлекет қазынасын толтыруға тіпті індет бойынша әлемдік статистика да кедергі болмай тұр. Бүгінде Ресей ауру жұқтырғандардың саны бойынша үшінші орында. Ал кеше тіпті рекордты жаңартты. Бір күнде 11 мыңнан аса адам ауруханаға түсті. Осылайша бүгінде мұнда 230 мыңнан астам азаматтан ауру белгілері табылған. Экономика өзге елдерде де аурудан әлдеқайда маңызды боп шықты. Мәселен, алғашқы ондықта тұрған Франция да карантин режимін жұмсартып, жұмысқа шығуға рұқсат етті. Бірінші боп шаштараздар есігін айқара ашқан. Қаржыдан қысылған кәсіпкерлер тіпті түнде де клиенттерді қабылдап жатыр.
Марк Мони, шаштараз:
- Мен алдағы бір айға бос емеспін. Адамдар күндіз ғана емес, түнге де жазылып қойды. Әрине, сақтық шарасын сақтап жатырмыз. Бетперде киіп, антисептик пайдаланамыз.
Оңтүстік Корея мектептерді ашуға дайындалып жатыр. Бірақ алғашқы күндері оқушылар партаны пайдаланбауы мүмүкін. Себебі, залалсыздандыру жұмыстарының салдарынан балалар отыратын жер малмандай су. Сақтық шараларын тік мінезді Трамптың өзі бүгіннен бастап қатаң сақтанған. Оған себеп – қол астындағы қызметкерлердің бірінен коронавирус табылды. Енді Ақ үйге бетпердесіз адам баласын жолатып жатқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!