Алматы: Саялы тұрғындары жаңа нысанның құрылысына қарсы
Алматы тұрғындары үй жанынан жапсарлас салынатын жаңа нысанның құрылысына қарсылық білдірді. Жұрттың айтуынша, іргелес аумақтағы құрылыс ешбір ескертусіз басталып кеткен. Сонымен қатар екі апта бұрын қоршалған орынға қандай нысан салынатынынан да бейхабар. Енді баспанасы мен балаларына алаңдаған тұрғындар құрылысқа рұқсат бермейміз деп отыр. Ал шенеуніктер мұнда медициналық орталық салынатынын айтады. Тараптардың уәжін тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Салтанат Шырынхан
12.05.2020
Соңғы уақытта Саялы ықшамауданындағылардан маза қашқан. Жұрттың өре түрегелуіне аулаларында басталған құрылыс себеп. Тұрғын үйдің тура жанындағы алақандай аумақ екі апта бұрын қоршалып, дайындық жұмысы жүргізіліпті. Ал бұған түбегейлі қарсы болған көпшілік баспаналарына тақап салуға қалай және қай заңға сүйеніп рұқсат берілгенін ұға алмай дал.
Азамат Мұқанов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұлардың заңсыз салынып жатқаны, мына көпшілігі де, құрылысшылар қашып, жауап бермейді. Солардың кейбірінің айтқаны «кафе» не болмаса «шашлык жасайды», «монша» дейді. Біз басында құрылыстың басталып жатқаны сол алаң деп ойладық. Балаларға деген, болашаққа деген.
Ықшамауданда жапсарлас орналасқан заңсыз нысандар өте көп екен. Тіпті ғимарат пен үйдің ара қашықтығы он метрге де жетпейді. Кешендердің іргетасын қалағанда негізгі талаптар да сақталмаған. Сонымен қатар көпшілікпен ешкім кеңеспеген.
Жұрттың айтуынша, Саялы ықшамауданы бой көтергеннен бері заңсыз құрылысқа қатысты түрлі былық шыға бастапты. Үйге іргелес нысандар бірінен соң бірі салынып жатыр екен. Енді мұндағы тұрғындар жаңа көршілердің кесірінен өздерінің баспанасы бүліне ме деп алаңдаулы.
Абзел Ажмолдаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бізге беймәлім болып тұр. Бізге, тұрғындарға: «Біз пәленше салып жатырмыз» деп айтқанда, тұрғындармен келісу керек қой. Алдында мына үйдің жертөлесіне дүкен салғанда, су кетті. Біз, тұрғындар, үйдің иесіміз. Біз наразымыз.
Тұрғындар бой көтергелі жатқан ғимараттың маңына көліктер қаптайтынына сенімді. Ал бұл аулада ойнап жүрген балаларға қауіп төндіретінін айтады.
- СЭС-ті де шақырдық. Бұл жерде, Саялыда, ешкім жұмыс істемейді. Жұмыс істеу керек қой. Халық тұрады бұл жерде, айуандар тұрмайды ғой. Мына үйді қараңыз, міне, ар жағы қазылып жатыр.
Қазір құрылыс басында қыбырлаған жан жоқ. Ал жергілікті шенеуніктер: «Бұл жерге медициналық орталық салынады» - дейді.
Дәурен Алмасбеков, Алатау ауданының сәулетшісі:
- Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының деректер базасы бойынша 2019 жылы медициналық орталықтың құрылысына сәулет жоспарлау тапсырмасы берілген. 2019 жылы нобайлық жобасы келісілген. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша тұрғындардың келісімінің тізімі қарастырылмаған. Сол себепті біз тұрғындардың келісімін сұрауға құқымыз жоқ.
Осылайша атқамінерлер бұл аумаққа медициналық орталық салуға рұқсат берілгенін, барлығы заңды екенін айтады. Алайда тұрғындарға ескертуге «міндетті емеспіз» деген олар, нысанның салынуына қойылатын жалпы талаптарды ескермеген сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!