Ертіс суы бау-бақшасын басқан ақсулықтар алаңдап отыр
Ернеуінен асқан Ертіс Кереку жұртының бау-бақшасын басып жатыр. Қызыл судан әсіресе Ақсу ауылының жұрты үрейленіп отыр. Төтеншеліктер қазір өзен суын арнайы техниканың көмегімен сорып тазалауда. Ал су деңгейінің тағы көтерілер-көтерілмесі жөнінде әзірге ешкім айта алмайды.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.05.2020
Надежда Вычужанина дүние есігін ашқалы Ақсу ауылында тұрады. Демалыс күндері бақшасын тобықтан келер су басып қалған. Қажетті көк-сөгін өзі егетін ол: «Жуырда ғана отырғызған жеміс-жидегімнен түгел қағылдым» - дейді.
Надежда Вычужанина, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Бау-бақшамның түгел бүлінгені былай тұрсын, қора мен моншаға су кіріп үлгерді. Оның бәрін жөндеу – шығын, ешкімнің ештеңесі кетпейтіні анық. Биыл су өткізбейтін бөгет салдық деп қуантып еді. Дегенмен өзен суы тағы ауламызды басып жатыр.
Ауласын су басқан көрші үйлерде де жағдай дәл осындай. Атқамінерлердің сөзіне сенсек, биыл олар өз күшімен бөгет тұрғызған. Алайда топырақтан салынған бөгет Ертіс суына төтеп бере алмады. Соның кесірінен жұрттың бақшасын су басқан. Сондықтан алдағы уақытта бөгетті топырақтан емес, балшықтан салу жоспарлануда.
Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер өзен суын арнайы техникамен сорғызып тазалауда. Бірақ алдағы күндері су деңгейінің тағы көтерілер-көтерілмесін ешкімдөп басып айта алмайды. Есесіне, сапалы бөгет салудың жолы мен бағасын есептен қойыпты.
Серік Сұлтанов, Ақсу қалалық ТЖБ бастығы:
- Бізде қазір 3052 метрге дамбы салуға дайын жоба бар. Бағасы мемлекеттік сараптамадан өткен. Онда бізде 152 миллионға. Егер дамбы салсақ, мына жерде су болмайды.
«Бөгет салынған жағдайда ауылға өзен суы мүлде кірмейді» - дейді шенеуніктер. Ал әзірге ауласы мен бау-бақшасы су астында қалған жұрт енді өз қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!