Елорда жолаушылары автобус ішінде әлеуметтік ара қашықтықты қалай сақтайды?
Бір жарым ай үзілістен соң елорда көшелерінде қоғамдық көлік қатынасы қайта жанданды. Бірақ барлық бағыттағы қозғалыс қатаң санитарлық талаптарды сақтау керек. Яғни, жүргізушілер мен жолаушыларда бетперде мен медициналық қолғап болуы шарт. Бір қызығы, жолаушылар автобус ішінде әлеуметтік ара қашықтықты қалай сақтайтынын білмей басы қатуда. Ал ол қатаң сақталуы тиіс талаптардың бірі. Автобустар да тек қала ішінде қатынайды. Елордамен қоңсылас елді мекендерге қатынау келесі кезеңге қалып отыр.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
12.05.2020
Елорда көшелеріне жан бітті. Көлік пен автобустардың ағынына бір дамыл жоқ. Бір жарым ай тыйымнан соң маршруттар қала ішіндегі қатынасты қайта бастады. Қоғамдық көлік ішінде әлеуметттік қашықтық сақталады дегенге сену қиын. Біреуі оған мән бермесе, енді біреулері сескенетінін айтады. Бірақ, амал жоқ.
- Карантин әлі аяқталған жоқ. Автобусқа отыруға қорықпайсыз ба?
- Неге? Аузымыз бәрі жабық, бетпердемен жүрміз ғой, балам.
- Жоқ, қорықпаймыз.
- Қорықсам да, не істеймін? Жұмысқа баруым керек.
Төтенше жағдайға дейін автобустағы онлайн төлемдердің көлемі 98 пайызды құраған екен. Ал енді карантин аяқталмайынша, қолма-қол төлемге мүлдем тыйым салынған. Сондай-ақ, жолаушылардың барлығында бетперде болуы шарт.
Жолаушылардың арасында бір метр қашықтық сақталуы керек еді. Бірақ сақтықтың бұл амалын қаперге іліп жатқанды аңғармадық. Автобус бағыттарының арасында айтарлықтай үзіліс байқалады. Әзірге 400-ге жуық автобус жұмылдырылып отыр екен.
Дәурен Нұрәлиев, «CTS» компаниясының басқарушы директоры:
- Бүгін автобустардың барлығын жүргіздік. Ал ертең жолаушылар ағынын байқаймыз, зерттеп көреміз. Қаншалықты адам шыққанын байқаймыз.
- Бұл автобустар жеткілікті ме?
- Жеткіліксіз болып жатса, автобус парктерінде басқа да автобустар бар ғой. Соларды қосып, жұмыстарды бастаймыз.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын компания әр бағыттың басында және соңында залалсыздандыру жұмысын жүргізеді. Егер жедел штабтың шешімі шықса, елордамен қоңсылас елді мекендерге де қоғамдық көлік қатынасы қайта басталады. Сәуір айына жол жүру карталарына ақша құйғандардың қаржысы, бұл айда автобустар жүрмегендіктен, мамыр айына көшіріледі. Ал қоғамдық көліктердің қатынасы таңғы сағат 7-ден кешкі 9-ға дейінгі аралықта болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!