Карантинде ішімдікке ден қойды деген ақпар – жалған
Карантин кезінде елімізде алкогольдік өнімдердің өндірісі мен саудасы төмендеп кеткен. Мәселен, былтыр бірінші тоқсанда 2 жарым миллион тонна арақ өндірілсе, биыл ол 1 жарым миллионға қысқарып қалған. Ораза айы басталып, әрі той-томалақ тыйылып, мейрамханалардан түсетін тапсырыс та болмағандықтан, ащы сусынға сұраныс айтарлықтай аз. Қазақстандықтар карантин кезінде ішімдікке ден қойды деген жалған ақпарат болып шықты.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
13.05.2020
Карантин күшіне еніп, тыйымдар тіршілікті тұсап тастағанда ел азаматтары үйлерінде ішімдікке бас қойып, жаппай алкогольдік өнімдерді сатып алып жатыр деген ақпар желілерде желдей ескен. Шын мәнінде олай болмай шықты. Наурызда төтенше жағдай жарияланғанда жұрт азық-түлікпен қоса, ащы сусынның да қорын көптеп жасақтаған көрінеді. Міне, сол тұста ішімдіктің саудасы біршама көтерілген.
Әміржан Қалиев, «KazAlcoTobacco» қауымдастығының президенті:
- Бірақ сәуір айында, мамыр айында, біздің пікірімізше, арақ өнімдерінің сату көлемі азаяды. Себебі, бүгінгі күнге дейін 16-наурыздан бастап, мейрамхана кафе, барлар жұмыс істемейді.
Ресми дерекке сенсек, тек арақтың өндірісі биыл бірінші тоқсанда 14 пайызға төмендеген. Мысалы, былтыр бірінші тоқсанда 2 миллион 500 мың литр өндірілсе, 2020 жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 1 жарым миллион литрді құрап отыр. Ірі сауда желілері де ащы сусындарға сұраныстың құлдырағанын айтады.
Айнұр Керуенбаева, сауда желісінің әкімшісі:
- Еліміздегі төтенше жағдай режиміне, қазіргі Ораза айына байланысты ішімдік тауарларына сұраныс азайды, 10-15 пайызға.
Мәжілістің бүгінгі отырысында депутаттар қазақстандық алкогольдік өнімдердің сапасына алаңдайтынын жеткізді. Елімізде ғана емес, атағы алысқа кеткен өнімдердің сапасы тым нашарлап кеткенін мәжілісменнің тілге тиек еткені сол еді, кенет микрофон үні өшті де қалды. Мәжіліс төрағасы мұны «Рамазан айының құдіреті» деп, әзіл-шынын араластыра пайымдады.
Ішімдік өндірісінің іркілуіне той-томалақтардың тыйылуы да кәдімгідей әсер еткен. Себебі, мейрамханаларға тапсырыс мүлдем жоқ. Ащы сусын өндіретін компаниялар тығырықтан шығудың амалын да тапқан, бүгінде басым көпшілігі Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен залалсыздандырғыш сұйықтық дайындауға қажетті спирт өндірісіне ден қойған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, алкогольдан көз жұмғандардың саны бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 10-шы орында тұр. Соңғы жүз жылдағы статистикасы тіпті қорқынышты. Өйткені ішімдікке әуес әйелдердің саны еселеп артқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!