5-10-20! Баспаналы болуға қандай талап қойылады?
«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасымен екінің бірі баспана ала алмайды. Мемлекет басшысы ұсынған бұл жоба тек пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Яғни бюджет қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен жетімдер баспанамен қамтылады. Биылдың өзінде елде 15 миллион шаршы метр үй салынып, мұқтаждарға беріледі деп жоспарлануда. Ал жеңілдетілген несиемен баспаналы болу үшін қандай талаптар қойылады?
Автор: Диас Нұрақын
13.05.2020
Жаңа жоба жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешуге бағытталған. «5-10-20» түрғын үй бағдарламасына бюджет қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, 1-2 топтағы мүгедектер мен жетімдер қатыса алады. Соңғы мәлімет бойынша, бүгінде үй кезегінде тұрған 540 мың адам бар. Оларды баспанамен қамтуға бюджеттен 390 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қомақты қаржыға биылдың өзінде 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Диляра Сүлейменова, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
- Бұл бағдарлама аймақтарда көбірек жүзеге асса дейміз. Өйткені Нұр-Сұлтан мен Алматыдан өзге қалаларды да дамыту керек. Бұл ауыл-аймақтағы азаматтарды жұмыспен қамтиды. Ішкі көші-қонды тежейді. Егер бағдарлама сәтті жүзеге асырылса, баспанаға деген сұраныс 10 пайызға артуы мүмкін.
Бағдарламаға қатысушылар міндетті түрде жаңадан салынған үйлерден пәтер таңдауы керек. Оның бағасы да әр өңірде әртүрлі болады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында пәтердің шаршы метрі 240 мың, Алматыда 220 мың, Атырау мен Ақтауда 200 мың, ал өзге облыстарда 160 мың теңгеден аспауы тиіс. Алайда экономистер бұл бағаның өзі қалтаға қосымша салмақ салады дейді. Өйткені карантин кезінде халықтың көпшілігі жұмысы мен табысынан қағылғаны мәлім.
Арман Бисембаев, қаржы сарапшысы:
- Жаңа бағдарламаның шарттары өте жақсы. Бірақ осы арқылы пәтер алуға жұрт жаппай ағылады деп ойламаймын. Өйткені халықтың табысы күрт төмендеп кетті. Орташа есеппен жұмысқа жарамды азаматтардың 30 пайызы бос қалды. Ал қаржы дағдарысы екі жылға созылуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар бұрынғыдай несиеге жүгіреді деп ойламаймын.
Бірақ «5-10-20» бағдарламасы қиын кезеңде ел экономикасына қан жүгіртуі мүмкін. Өйткені құрылысты жандандыру арқылы қосымша жұмыс орындары ашылады.
«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларға ең басты талаптар:
- Өтініш берушінің өз атында баспанасы болмауы тиіс;
- Жеңілдетілген несимен пәтер алушы әкімдіктің кезегінде тұруы шарт;
- Алатын үйіңіздің 10 пайызы қолда болуы тиіс.
Президент баспаналы болу үшін зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалануға рұқсат беруді тапсырды. Үкімет бұған қатысты шешімді шілдеге дейін қабылдауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!