Спорт кешендері шығынға батты – жаттығу залдары қашан ашылады?
Алматылық әуесқой спортшылар жаттығу залдарының ашылуын сұрайды! Ауыр зіл темірлерге қолы жетпей жүрген атлеттер үйде жаттығуға қанағаттанбай жүр. Сұлулық салондарынан қалысқысы келмеген спорт кешендерінің қожайындары да күн санап отыр. Клиенттерінің сөзін құптай кеткен кәсіпкерлер санитарлық талаптарды сақтауға әзір. «Келушілерді бір-бірінен қашықтықта ұстаймыз» - дейді.
Автор: Аруна Ортай
14.05.2020
Тілшіміз үйде жаттығып жалыққан қыз-жігіттердің мұңын тыңдап келді.
- Осы жаттығу қолдығ арқаны жаттықтырады.Неге үйдің қабырғасы? Себебі, басқа жер жоқ! Сол! Тек осы қабырға!
Қуат Камали екі айдан бері үйіндегі қабырғаға «тыным бермей» жүр. Әуесқой спортшының басқа амалы жоқ. Себебі, жаттығуға қажетті жабдықтардың барлығы спортзалда. Ал қолда бары тек екі қара темір мен қабырға. Қашыққа жүгіруден алдына жан салмайтын жігіт спортты сағынғаны сонша, үйінің ішінде аяқ киіммен жүр.
Қуат Камали, әуесқой спортшы:
- Кроссовкам таза. Әдейі тазалап қойдым. Далаға онымен шықпаймын. Кроссовкамен өзімді спортзалда жүргендей сезінемін. Сөйтіп өзімді алдаймын. Құлаққапты тағып алып, музыка қойып, көзімді жұмсам, спортзалда жүргендей боламын.
- Әбден сағыныпсыз ғой!
- Иә!
Көзін жұмса спортзалды көріп жүргендердің бірі – Андрей. Пауэрлифтингтен әлемнің 10 дүркін чемпионы жаттыққанда 200 келіден кем көтермейді. Ал үйде ондай темір жоқтың қасы.
Андрей Ким, Пауэрлифтингтен әлем чемпионы:
- Үйде жаттығуға зауқым жоқ. Мұнда басқалардың не істеп жатқанын көресің. Олардың жетістігіне қарап, жігерленесің. Одан асып түсуге тырысасың. Одан бөлек, мен проатлетпін. Жаттығуларыма кемі 100 келіден асатын зіл темір керек. Әйтпесе дене сымбатымды жоғалтып алуым мүмкін.
Мәселен, көптеген жаттығуларды үйде жасау тіптен мүмкін емес. Мысалы, бұл спорттық жабдық арқа мен иыққа, кеудеге арналған. Қыздар да, жігіттер де осы жабдықта жаттығады. Бірақ, мұны үйге сатып алу мүмкін емес. Себебі, бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бір ғана осындай спорттық жабдықтың құны, кем дегенде 4 миллион теңге.
Тіпті, сатып алған күннің өзінде де зіл батпандай ауыр темірлерді, әсіресе балалы үйде сақтау қауіпсіз емес. Спортзалдардың жаппай жабылғалы онлайн жаттығулардың ашылғаны рас. Бірақ олардың пайдасынан гөрі, зияны көп екен. Кәсіби жаттықтырушы Ерлан Жайсаңбаевтың айтуынша, «онлайн жаттығамын» деп оңбай жарақаттануың мүмкін.
Ерлан Жайсаңбаев, жаттықтырушы:
- Онлайн жаттығуда арғы жағынан көрмейміз, не істеп жатқанын, қателік жіберіп жатады. Зақым алуың мүмкін. Ал қасында тұрып істеп жатқан кезде айтасың, көз қырыңды саласың, бәрін дұрыс істегенін қадағалап отырасың.
Ал Уәлихан спортзалдардың ашылуын күн санап емес, сағат санап күтіп жүр. Оның қол астында 100-ден астам адам жұмыс істейді. Спорт кешенінің директоры карантин басталғалы оларға жалақы төлеп келіпті. Бірақ, енді ондай мүмкіндік жоқ деп ашығын айтып отыр.
Уәлихан Тен, спорт кешенінің директоры:
- Санитарлық талапты ақтауға дайынбыз. Қолға арналған антисептиктерді қойып қойдық. Әр сағат сайын дезинфекция өткізуге де әзірміз. Тек ашылуға рұқсат етсе екен. Қазір ірі супермаркеттер жұмыс істеп тұр. Іші толы адам. Кассада да бір-бірінің қасында тұр. Онымен салықсырғанда, спортзалда қауіпсіз. Өйткені келушілер қашықтық сақтайды. Оған сөз береміз.
Қазір Алматы бойына 300-ге жуық спорт кешені босап тұр. Бірақ карантинге жабылғанымен, коммуналдық қызмет ақысы баяғыдай жүріп тұр. Себебі, бассейндерді сусыз, ал нысандарды жарықсыз қалдыруға болмайды. Шаш етектен шығынның астында қалған кәсіпкерлер спорт кешендері біржола жабылып қалмас үшін ашылуға рұқсат сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!