Сіздің аймақта сиыр еті қаншаға қымбаттады?
Елімізде сиыр етінің құны қымбаттады. Биыл тоғыз өңірде ірі қара етінің құны 20 пайызға өскен. Ет бағасы ең қымбат өңірлерді Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары бастап тұр. Екеуінде де келісі кемі 2 мың теңгеден жоғары.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
14.05.2020
Ірі қара санының биыл төрт пайызға өсіп, 8 миллионға жеткені де бағаға еш әсер етпеген. Керісінше, бірінші тоқсанда Қазақстан көрші елдерден мың жарым бас ірі қара импорттапты. Елде ірі қара етінің орташа құны былтыр сәуір айында 1575 теңгені құраса, биыл 19 жарым пайызға өсіп, 1882 теңгені құрап отыр. Оның ішінде Алматы қаласында 23 пайызға жуық қымбаттап, 2169 теңгеден саудалануда. Нұр-Сұлтанда ірі қара етінің құны 21,7 пайызға шарықтап, 2112 теңге межесін көрсетіп тұр. Түркістан облысында баға былтырғыдан 360 теңгеге өсіп, 1910 теңгеге жеткен. Ал ірі қара еті ең арзан әрі ең аз қымбаттаған өңірлер Қостанай мен Ақтөбе. Бұл қалаларда ет бағасы бар болғаны 14,1 және 9,2 пайызға өсіпті. Келісі 1500-1700 теңгенің айналасында.
Айта кету керек, наурыз айында елімізден ірі қара мүлдем экспортқа шығарылмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!