Covid-19: Елдегі науқас саны бас санитардың болжағанынан асып түсті
Еліміздің батыс аймақтарында коронавирустың беті қайтпай тұр. Нағыз ауру ошағына айналған Атырау облысына бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов барды. Әсіресе Теңіз кен орнындағы эпидемиологиялық жағдай алаңдатарлық. Мұнда вирус жұқтырғандар қатары күн сайын толығып, 400-ге таяп қалды.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
14.05.2020
«Мұнайшылардың бұлай жаппай ауру жұқтыруына мердігер компаниялардың қауіпсіздік ережелеріне атүсті қарауы да себеп», - дейді Біртанов. Жалпы ел бойынша бір тәулікте Covid-19 вирусы 154 адамнан анықталған. Өңірлердегі жағдай.
Ақтөбеде жұқпалы дерт жаяу патрульге жұмылдырылған әскерилерге жұққан. Қала ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалаған екі сарбаз қазір ауруханада емделіп жатыр. Аймақта тек соңғы бір тәуліктің ішінде 8 адам коронавирус инфекциясын жұқтырыпты.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы:
- Қазір Ақтөбе облысында 185 науқаста коронавирустық инфекция тіркеліп тұр. Оларға қажетті емдік шаралар жүргізілді. Оның 55-і жазылып, үйіне шығарылды. Бір науқас жоспарлы түрде тексерілген вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкер.
Енді жұмысшылар вахтаға бармас бұрын қанында коронавирус инфекциясының бар-жоғын тексеруі тиіс. Өйткені Теңіз кенішінде індет жылдам таралып, жұмысшылардың басты жауына айналды. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі мұнайлы өлкеге ат басын бұрып, аймақтағы эпидемиологиялық ахуалмен танысты. Ведомство басшысы: «Мұнайшылар арасында аурудың ушыға түсуіне жұмыс беруші компаниялардың сақтық ережелеріне салғырт қарауы да себеп» - дейді. Айта кетейік, Атырау облысында дертке душар болғандардың саны 457-ге жетсе, оның бақандай 384-і – Теңіз кен орнының жұмысшылары.
Елжан Біртанов ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жұмысшылардың тұратын жерлерінің көбісі дәлізі бар жатақхана, ерекше изоляцияда тұруға мүмкіндігі жоқ. Тамақтандыру орындары да соған сәйкес. Жұмыста да, демалыста да бір-бірімен араласатын болғаннан кейін тоқтату өте қиын. Мердігерлік ұйымдардың басшыларының, олардың жауапкершілігінің жетіспеушілігі көрініп тұр.
Аймақтардың арасынан Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында жағдай тұрақты. Бұл өңірлерде ауруға шалдыққандар саны 100-ге жетпеген. Көзге көрінбейтін кесел бүгін алғаш рет Талдықорған қаласында тіркелді. Осыған дейін аурудан ада болған облыс орталығында бір адамнан вирус анықталыпты.
Сүреңсіз статистикада көш бастап тұрған Алматыда соңғы тәулікте коронавирустың құрығына 50 адам іліккен. Қауіпті кеселдің таралу қарқыны Нұр-Сұлтан қаласында да бәсеңдемей тұр. Оған қоса, қос мегаполисте карантиндік режим жеңілдетіліп, тіршілік қайтадан қыз-қыз қайнай бастады. Республикада науқас саны 5600-ге жуықтап, еліміздің бас санитар-дәрігері бір ай бұрын болжаған көрсеткіштен асып түсті. Көпшіліктің көңіліне медеу болатыны COVID-19-дан осы күнге дейін 2 жарым мыңдай адам құлан-таза айығып шыққан. Ал кесел құрбандарының саны 32-мен тоқтап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!