2025 жылдан бастап өндірістерге арнайы технология орнатылады
Карантин кезінде елорда мен Алматының ауасы айтарлықтай тазарған. Көліктің улы газ үлесі ауада біраз азайыпты. Тек ауаны ластап тұрған ірі кәсіпорындар, әсіресе жылу электр орталықтары екен. Ол мәселені шешу үшін Экология министрлігі 2025 жылдан бастап өндіріс ошақтарына арнайы технология орнату керек деген талап қойып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.05.2020
Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:.
- Алматы қаласының төменгі жағында улы заттардың кей түрі артқан. Ол қаладағы үш жылу электр орталығына тән. Ал қаланың жоғарғы жағында азот оксидінің төмендеуі байқалды. Ауадағы фенол концентратының былтырғыға қарағанда 60 пайызға азайғанын көріп отырмыз. Бұл автокөлік түтінінің едәуір азайғанын білдіреді.
Экология министрлігінің есебі бойынша, автокөлік түтіні елордада да біраз азайыпты. Тек ауаны бүлдіріп тұрған қаладағы жылу электр орталықтары ғана. Жалпы экологиялық зиян келтіруші кәсіпорындардан былтыр шамамен 99 миллиард теңге түсіпті. Ондай өтемақылардың 40 пайызы экологиялық мәселені шешуге жұмсалады екен. Алайда Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында ол бес пайыздан аспайды.
Жаңа экологиялық кодекс бойынша 2025 жылдан бастап еліміздегі бүкіл кәсіпорындар озық технологияларды енгізуі тиіс. Өндіріс орындарының басшылығы: «Карантин салдары мен экономикалық дағдарыстан кейін оны орнатуға жағдайымыз жетпей қалады» деп отыр. Бірақ министрлік алған бетінен қайтар емес. «Әсіресе Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды сынды қалалардың экологиялық жағдайын жақсартуға бұл шара ауадай қажет», - дейді.
Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Алдымен бұл еліміздегі ауаны ластап жатқан, бүкіл түтіннің 70 пайызын шығаратын ірі деген 50 кәсіпорынға қатысты. Ал ең үздік қолжетімді технологияларды енгізіп жатқан кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады. Сондықтан оларға өсімді экологиялық төлем қолданылмайды. Ал үнемделген ақшасын жаңғыртуға жұмсайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!