Қарағанды облысы: Кен орнында 200-ге жуық адам жұмыстан қысқартылды
Қарағанды облысында әктас шығаратын кен орнында бір күнде 200-ге жуық адам жұмыстан қысқартылды. Олар – мекеме орналасқан Южный кентінің тұрғындары. Ал кен орнының басшылығы елдегі экономикалық ахуалға байланысты өнімге деген сұраныстың төмендегенін айтады. Оның үстіне құрылғылардың ескіруіне байланысты әктас шығарудың шығыны артқан. «Сондықтан өндірісті шектеп, жұмыс күшін азайтуға мәжбүр болдық» - дейді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.05.2020
Кен орны Кеңес заманынан бері Южный кентінің тұрғынарын жұмыспен қамтамасыз етіп келген. Мұнда шығарылатын флюсті әктас – металды балқытуға қолданылатын таптырмас минерал. Ал биылдан бастап металлургиялық комбинат тарапынан бұл өнімге деген сұраныс күрт төмендеген. Себебі, кен орнының басшылығы әктастың бағасын аспандатып жіберген. Сол себепті жылдар бойы минералды осы жерден алатын «Арселор Миттал» компаниясы биыл келісім-шарт жасасудан бас тартыпты. Тиісінше, тауары өтпеген компания тығырықтан шығудың жолы – жұмысшыларды қысқарту деп тапқан. Осылайша кен орнындағы 345 адамның 187-сін таратып жіберіпті. Жұмыссыз қалған жұрт: «Жарты жалақыға болса да қалдырса еді», - дейді. Өйткені кентте өзге жұмыс жоқ.
Қайша Әбенова, Южный кентінің тұрғыны:
- 100-ақ мың, 120 мың – еркек кісінің жалақысы. Отбасыға ол түк емес. Жұғым болмайды. Балалары оқып жатыр, пәтерақы несиесі бар. Тіпті кісілер сол жалақының 50 пайызына да жұмыс істеуге келісіп отыр. Кісілерді ешкім ойламайды. Тек қалтасын толтырып, толтырып, қашып жатыр.
Компания басшылығы кен орнындағы Кеңес кезінен бергі құрылғылардың тозғанын айтады. Сол себепті ескі тәсілмен өндірілетін әктас соңғы үш жылдан бері құнын ақтамай келе жатыр екен. Сондықтан баға көтерілген. Ал ол баға «Арселор Миттал» компаниясына тиімсіз.
Иван Леннов, кен өндіруші компания басшысының орынасары:
- Кен орны ескі, 60 жылдан асты. Одан өнім алу да жыл сайын қиындай түседі. Тиісінше шығын көп болған соң, өзіндік құны жоғарылап отыр. Ал «Арселор Миттал» компаниясы арзан бағамен басқа жаңа кен орындарының өнімін алады. Бұл нарықтық қатынас. Сондықтан өндірісті тоқтатып, жұмысшылардың жартысын қысқартуға мәжбүр болдық.
Ұлардай шулаған жұртты сабырға шақыру жергілікті билікке де жүк болуда. Қатқыл хабар шыққан өткен айдан бері бос жұмыс орындарының Абай ауданы бойынша жәрмеңкесін өткізіп, жұмыспен қамтыдық деп отыр.
Клара Қабдуалиева, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
- 187 кісінің 70 пайыздай кісімен сөйлестік. Әкім айтқандай, 122 адам жұмысқа тұрамыз деді. Оның 98 адамы тұрақты жұмысқа, оның ішінде «Шерубай» көмір, «Стежок» фабрикасы сынды мекмелерге. Қалғаны уақытша жұмысқа тұрғызылады. 10 адам ДКЗ бойынша, 15 адам қоғамдық жұмыстарға орналасам деп ұсыныс берді.
Ал жұмыссыз қалған тағы 60-тан астамының тағдыры әлі шешілген жоқ. Олардың дені – әйел адамдар, билік ұсынған аудан көлеміндегі түрлі вахталық негіздегі жұмыстарға бармаймыз деп отыр. Сондықтан оларға биліктегілер жалақысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік көмек қарастырмақ. Алайда бұл уақытша ғана. Сондықтан іргедегі ыңғайлы жұмысқа барып үйренгендердің қайткен күнде жан бағудың басқа жолына машықтануына тура келмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!