Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері сыйақысын ала алмай жүр
Ақтөбеде шенеуніктердің уәдесінен шаршаған жедел жәрдем қызметкерлері тағы шу шығарды. Олар бір жарым ай бойы жергілікті қазынадан бөлінген 100 мың теңге сыйақысын ала алмай отыр. Бұдан бөлек, төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері мұндағы мамандарды медициналық бетперде мен қарапайым қорғаныш киімдеріне де жарытпапты. 103 қызметіндегілердің арызын тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.05.2020
Таң атысымен жедел жәрдем бекетінің алдына жиналған 100 қаралы қызметкердің басшыларына деген өкпесі қара қазандай. Өйткені осыдан бір жарым ай бұрын облыс әкімінің орынбасарынан бастап, денсаулық сақтау басқармасының басшысына дейін 103 қызметіндегілердің бәріне бірдей 100 мың теңгеден сыйақы береміз деп уәде еткен. Бірақ алғашқыда 30 мың ұстатып, кейін күнде «ертеңмен» сарылтып қойыпты.
Бауыржан Исмайлов, жедел жәрдем қызметкері:
- 212 мың төлеген жоқ. Кейін «біз өздеріміз бұйрық шығардық» деді де, «100 мыңнан» деді. Жаңа айттым ғой, 34 мың. Берген жоқ. Жалған сөз. Кілең айтатындары жалған сөз. Бір аптада беріп боламыз деді. Міне, бір ай өтіп кетті.
Ел-жұртты бетперде киіп қорғанып жүруге үгіттейтін денсаулық сақтау басқармасындағылар қарамағындағы жедел жәрдем қызметкерлерін жарытпапты. Оларға үш сағат сайын ауыстыруы тиіс қорғаныш заттарын бір-ақ рет екі ай бұрын таратқан. Содан бері түк жоқ.
Ерболат Құдайбергенов, жедел жәрдем қызметкері:
- Ешқандай киім, еш нәрсе бізге берілген жоқ. Бәрі болып болғаннан кейін бір реттік халатты берді, маска сияқты мына. Осы бетпердемен бүкіл шақыртуларға барамыз. Мен балалар бригадасында жүрмін. Талай дене қызуы бар адамды тасыдық. Бір Алла білсін, не болып жатқанын.
Арызын айтуға жиналғандарды бір сағат бойы сыртынан бақылаған аймақтың бас дәрігері әріптестерінің ортасына әзер келді. Ақшадан бұрын, қорғаныш киім бергенін айтып ақталмақ та болды.
«100 мың теңгені бірер күнде аударамыз» деп тағы да уәдесін аямады. Бірақ оны бөліп береді екен.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы:
- Кімге қаншадан түсетінін білмеймін. Енді жүктемесін есептеймін. Барлығының атқарған еңбегіне сәйкес беріледі. Бірақ оған қаражат бөлінген. Жүз мың теңгеден ақша береміз дегеніміз рас. Бірақ оны бірден емес, бөліп-бөліп беріп жатырмыз.
103 қызметіндегілердің арызы бойынша арнайы комиссия құрылатын болады. Олар жыр болған 100 мың теңге сыйақыдан бастап, жедел жәрдемдегілерді қорғаныш киіммен неге қамтылмай келгенінен дейін тексереді. «Ал нәтижесін келесі аптада хабарлаймыз» - деп отыр шененуіктер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!