{metadescription}
Covid-19: Қос науқасты ажалдан неге арашалай алмады
Covid-19: Қос науқасты ажалдан неге арашалай алмады

Covid-19: Қос науқасты ажалдан неге арашалай алмады

Елімізде коронавирус құрбандарының саны тағы 2 адамға көбейді. Олардың бірі – 62 жастағы дәрігер. Марқұм өзін үйде емдемек болып, уақыт созып алған. Ал көз жұмған екінші адамның қосымша аурулары болыпты. Жалпы Covid-19 вирусы соңғы тәулікте тағы 118 отандасымыздан анықталды. Оның ішінде Ақтөбе облысындағы өсім 15,8 пайызды құрап отыр. Мұнда әскерилер қауіпті кеселді жаппай жұқтырған.

Коронавирусқа шалдыққан тағы қос науқасты ажалдан арашалау мүмкін болмады. Олардың екеуі де – елордалық. Індет құрбанына айналғандардың бірі – 43 жастағы ер адам. Ол вирусты жақын туысынан жұқтырыпты. Марқұм төрт күн үй карантинінде болып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Алайда қосымша ауруларының салдарынан жағдайы ушыға берген. Ал көз жұмған екінші адам – 62 жастағы дәрігер. Әйел зейнетке шықса да, жеке менешік медицина орталығында жұмыс істеген. Ол өзін емдеймін деп уақыт жоғалтып алыпты.

Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Он күндей үйінде өз-өзін емдеген. 31 наурыз күні жағдайы ауырлағанда жедел жәрдем арқылы жұқпалы аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, азаматша 13-мамырда қайтыс болды. 

Соңғы тәулікте індет тағы 118 отандасымыздан анықталған. Әсіресе Ақтөбе облысындағы ахуал мәз емес. Мұнда бір күндік өсім 15,8 пайызды құрап отыр. Яғни коронавируспен жаңадан 29 адам қосылды. Науқастардың 20-сы әскери қызметкер. Бұл диагноз олардан коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүргендерді жаппай тестілеу кезінде анықталыпты. Ал жеті адам кеселді Теңіз кенішінен жұқтырып келген.

Дүйсенбіден бастап өңірдегі үлкен сауда орталықтары мен базарлар ашылады деп жоспарланған. Алайда індетпен тіркелгендердің күрт көбеюіне байланысты мұның бәрін кейінге шегерілді.

Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:

- Кәсіпорындарды іске қосудың төртінші кезеңі 18 мамырға жоспарланған еді. Бірақ еліміздің Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұл нысандар ауру жұқтырғандар өсімі 7 пайыздан төмен болғанда ғана ашылуы керек. Ал біздегі көрсеткіш бұдан асып түседі. Сондықтан кәсіпорындарды қайта ашу уақытын кейінге шегереміз.

Шығыс Қазақстан облысының кей аудандары мен Өскемен қаласында карантин шектеулері алынғалы жатыр. Өйткені бұл коронавирусқа шалдыққандар саны ең төмен аймақтардың бірі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- 16 мамырдан бастап қалыпты өмірге көше бастаймыз. Жеке көлікпен жүруге қойылған шектеулер алынады. Тұрғындардың аудан, қала ішінде рұқсат қағазсыз емін-еркін жүруіне рұқсат беріледі.

Соңғы мәлімет бойынша еліміздегі коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны – 5689 адам. Оның ең көбі Алматыда. Мегаполисте қауіпті диагноз 1689 адамнан расталған. 1173 тұрғыны кеселге шалдыққан Нұр-Сұлтан қаласы антирекордтың екінші орнында. Атырау облысы да үштікке кіреді. Мұндағы вирус анықталған 474 науқастың 401-і ауруды Теңіз кен орнында жұқтырған.

2639 отандасымыз алты құрлыққа ауыз салған індетті жеңіп шыққан. Оның 108-і бүгін үйіне жіберілді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде