Карантин жұмсара бастаған өңірлердің жағдайы қалай?
Еліміздің көптеген өңірлерінде карантин режимі жеңілдетіліп жатыр. Орал, Ақтөбе мен Ақтауда жазғы кафелер жұмысын бастады. Әзірге кешкі алтыға дейін ашық. Ал Қарағанды облысында 5 серіктес қалалардың арасында қоғамдық көлік қатынай бастады. Мұнда аң мен балық аулауға рұқсат берілгенімен, кафе мен мейрамханалар әзірге ашылмайды. Ал кесел ошағы көп анықталған Ақмола облысында аудандар арасынағы блок-бекеттер енді ғана алына бастады. Карантин шаралары жұмсара бастаған өңірлердің жағдайын тілшіміз тарқатып береді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
18.05.2020
Ақмола облысында ауданаралық жолдардағы блок-бекеттер алынып жатыр. Алғашқыда қойылған 100 бекет сәуір айында 58-ге дейін азайтылған. Қазір 6-уы қалды. Тұрғындар облыс аумағында ғана еркін қатынауына болады. Оның өзінде тек санитарлық талапты сақталғанда. Көрші Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарымен шектесетін жерде блок-бекеттер сол қалпы орнында.
Серік Баймұқанов, Ақмола облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы:
- Әлі алынбаған блок-бекеттер біздің облыс тұрғындарын Нұр-Сұлтан қаласына өткізбейді. Бірақ астананың арғы бетіндегі аудан тұрғындары сол жерде қалған 3 бекетте дене қызуы тексеріліп, Көкшетауға қарай өте алады. Сондай-ақ, бұрынғысынша, азық-түлік, медициналық жүк артқан көліктер Нұрсұлтан қаласына кедергісіз өтеді.
Ақтөбеде бүгіннен бастап шағын кафелерге жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қоғамдық тамақтану орындары енді кешкі сағат алтыға дейін жұмыс істей алады. Бірақ бір мезетте тек 30 адамды тамақтандыруға рұқсат. Ал той-томалақ пен садақа беруге, туған күн мен басқа да қуаныштарына қонақ шақырып тойлатуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ бұл өңірде балаларға арналған үйірмелер, коррекциялық кабинеттер мен репетиторлық орталықтар жұмысқа кірісті. Ал балабақшаларда кезекшілік топтарын ашуға санитар мамандардың батылы бармай отыр.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Республикалық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, індеттің таралу деңгейі 7 пайыздан төмендесе жаңа кезеңге көшіп, бірқатар нысандарды ашуға болады. Бірақ бізде көрсеткіш күрт өсіп, штабқа да кешіктіруге ұсыныс айтқан едік. Сондықтан тағы да жаңа нысандардың қашан ашылатынын уақытымен хабарлап отырамыз.
Бүгіннен бастап Ақтау қаласының тұрғындары көшеде кешкі 9-ға дейін емін-еркін жүре алады. Қоғамдық көліктер қозғалысы жанданып, жазғы кафелер де ашылды. Осыған байланысты теңіз жағалауындағы тірлік қызып сала берді.
Қарлығаш Кенжаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Балалар – жұмыста, келіндер – жұмыста. Бұлар үйде отыра алмайды. Балабақша істемеді. Үйде қатты қиналдық енді, міне, қыдырып жүрміз. Қандай тамаша! Теңіз жағасы ашылды, немерелерімізді қыдыртып жүрміз.
Қарағандыда бүгінен бастап қалааралық автобус жүре бастады. Шахтинск, Абай, Саран қалалары мен Шахан елді мекеніне бағыттар ашылды. Жезқазған мен Сәтбаев арасында да автобус жүреді. Қарағандыда осыған дейін айтылғанымен, жазғы кафелер ашылмады. Бұған Қарағандыда кешелі бері бірден 18 адамнан кесел анықталғаны себеп екен. Сондықтан әзірге саябақтағы серуен мен көлеңкеде сусын ішу кейінге қалып отыр. Ол аздай, кешеден бері Бұқар жырау ауданы ортылығы Ботақара кенті карантиге жабылды. Өйкені 5 мыңнан сәл асатын тұрғыны бар ауылда 10 адамнан қауіпті кесел анықталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!