Репортаж: Блок-бекеттердегі жағдай ушыға түсті
Алматы облысында блок-бекеттер алынып жатыр. Бұл ақпаратты дұрыс түсінбеген жұрт қалаға лап беріп, таңертең шаһар кіре берісіндегі жағдай бұрынғыдан да ушыға түсті. Алайда облыстағы аудан мен ауыл арасындағы блок-бекеттер ғана алынып, қала шекарасындағылары бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан тәртіп сақшылары халыққа шыдамдылық танытып, себепсіз арлы-берлі жүрмеуді сұрап отыр. Блок-бекеттердегі жағдайды тілшіміз көріп қайтты.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
18.05.2020
Таң алакеуім. Алматыға ағылған қарашаның нөпірі әдеттегіден көп. Блок-бекеттегі қапылыста ара қашықтық деген атымен жоқ. Көлікпен жүргендердің де жүйкесі жұқарды. Өйткені кептеліске тап болғандар бүгін бұрыңғыдан да ұзақ тұрды.
Жағдайдың бұлай ушығуына «Алматы облысындағы блок-бекеттер алынып жатыр» деген ақпараттың таралуы түрткі болған сияқты. Карантиннен әбден жалыққан жұрт бұл жаңалықты басқаша түсініп, қалаға жаппай бет алған көрінеді. «Облыстағы аудан мен ауыл арасындағы блок-бекеттер ғана жұмысын тоқтатып, қала шекарасындағылары бұрынғыша тұра береді», - дейді полициядағылар.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Өткен тәулікте 9 мыңнан аса көлік қалаға кіріп, 6 мыңнан көбі қаладан шыққан болатын. Бұл жүк көлігін есептемегенде. Қалаға кіреберіс, шығаберісте облыстың блок-бекеттері бар. Яғни қаладан облысқа өту үшін блок-бекеттен өтеді.
Шаһардың шығыс және батыс жағындағы кіре берісінде күн сайын сапырылысқан халық. Әсіресе таңертең жұмысқа асыққан жандар көлік кептелісінде сағаттап тұруға мәжбүр.
Рахым Исламбек, Алматы облысының тұрғыны:
- Екі-үш сағат тұрамыз. Күн ыстық. Негізі жеңіл көліктерді бір жолақ, жүк көліктерін бір жолақпен өткізсе дұрыс болады. Бұл жерде бейберекет болып жатыр.
Қас қарайғанда шаһардың шыға берісінде халықтың да, көліктің де қарасы көбейеді. Бірақ қаладан облысқа асығатын көліктердің жүргенінен тұрғаны көп. «Межелі жерімізге жету мұң болды» деген жұрт ұзын-сонар кептелістің туындауына тәртіп сақшыларының «сылбыр қимылы себеп» дейді.
Расымен де, блок-бекеттерден әскерилер кеткелі полицияның жұмысы артты. Оны өздері де жасырмайды. Оған қоса, қонаққа немесе қыдыруға себепсіз арлы-берлі өтпек болатындар әлі де азаймай тұр екен. Бірақ тәртіп сақшылары көлденең көк аттыларды қаладан облысқа немесе облыстан қалаға «аттап бастырмаймыз» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!