Ақтөбенің автокөлік бөлшектерін сататын базарында шу шықты
Ақтөбеде автокөлік бөлшектерін сататын базар саудагерлері шу шығарды. Олар шенеуніктердің кәсіпкерлерді алалап отырғанына наразы. Өйткені бұл базардың ашылуына тыйым салса, дәл осындай сауда орнына жеңілдік жасаған. Ашуға мінген судагерлер бірнеше сағат бойы санитар мамандардың базарға келуін талап етіп, тарқамай тұрып алды.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.05.2020
«Көл авто» деп аталатын базарда сауда тоқтағанына екі ай болды. Мұнда қазір күзетшіден басқа ешкім жоқ. Санитар мамандар ашуға рұқсат бермеген соң, саудагерлерді ішке аттап бастырмайды. Ал дәл осындай автокөлік бөлшектерін сататын өзге базарда сауда қызып жатыр. Бұған «Көл автодағы» кәсіпкерлер ашулы. Саудагерлерді алалауға не себеп болғанын түсінбей дал.
Әлібек Қаналин, саудагер:
- Жұмыссыз қалғаныма екі ай болды. 42 500 теңге беріп жатыр. Ол ақша жетпейді. «Санитарлық шара, екі мың шаршы метрден көп»- дейді. Оның қасында «Ярмарка» бізден үш есе көп. «Елек» деген қарама-қарсы базарлар бәрі істеп тұр. Ал соның арасында тек біз істемей жүрміз.
Базар басшылары ай басында әкімдік ашуға рұқсат бергенін айтады. Комиссиямен келіп тексеріп те кетіпті. Араға екі күн салып, санитарлар ай-шәйға қарамастан базарды жабуды бұйырған.
Ирина Моесеченко, базар әкімшісі:
- 4-мамырда комиссия рұқсат берген соң базарды аштық. Бірінші комиссия құрамында әкімдіктегілер мен кәсіпкерлер құқығын қорғайтын палата өкілдері болды. Бірақ араға күн салмай, санитар мамандар қайта жауып тастады. «Сауда орнының аумағы рұқсат беруге сәйкес келмейді» - деді.
Ал санитарлар бұл базардың ашылуына ешқандай комиссия рұқсат бермегенін айтады. Әйтсе де автокөлік бөлшектерін сататын басқа базарға жеңілдік жасағанын мойындайды. «Өйткені фермелердің талабы бойынша көктемгі егін науқаны кезінде солай істеуге мәжбүр болдық» - деп отыр.
Айсәуле Оралбаева, Ақтөбе облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Ауру жағдайы 7 пайыздан, асуына байланысты, біз оны кейінге қалдырып отырмыз. Ол жалғыз тек қана автобөлшектер сататын базар емес, одан басқа базарларға да қатысты. Тек ауыл шаурашылық автокөліктерінің заттарын сатуға рұқсат берілген. Өйткені қазір ауылдарда тұқым себу жұмысы жүргізіліп жатыр, егін егілуде.
Автокөлік бөлшектерін сататын базардың енді қашан ашылатыны белгісіз. Бұған дейін 18-мамрда Ақтөбедегі азық-түлік сатпайтын сауда орындарына рұқсат беріледі деп күтілген еді. Енді вирус жұқтырғандар санының азайғанын күту керек. Көрсеткіш жеті пайызға жетпейтін болса, саудагерлер келесі апта жұмысына шығуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!