Covid-19 жабық режимдегі түрмеге енді – Ауру асқынған аймақтар
Коронавирусқа қатаң режим де кедергі емес! Қауіпті індет Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» атымен танымал түрменің 25 қызметкерінен табылды. Кім көрінген кіре алмайтын жабық режимдегі абақтыға жұқпалы індетті кім әкелгені белгісіз. Бірақ түрмеде жұмыс істейтін 25 адам қазір Жітіқара ауруханасында емделіп жатыр. Эпидемологиялық ахуал Атыраудағы Теңіз кен орнында да ушығып барады. Мұнда бір күнде 142 жұмысшыдан ауру анықталды.
Автор: Диас Нұрақын
19.05.2020
Тағы екі мыңға жуығы вахталық қалашықта карантинге жабылған. Ауру асқынған аймақтардағы ахуал.
Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» аталып кеткен түрме қызметкерлерінен де коронавирус табылды. Қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін мекеменің бірден 25 күзетшісі оқшауланған. Олар түрме ауласынан аттап баспапты. «Сондықтан өзгелерге жұқтыру ықтималдылығы аз», - дейді дәрігерлер. Барлығы Жітіқара ауруханасында ем-дом қабылдауда. Бұл түрмеде негізінен Владислав Челах, Руслан Күлікбаев секілді өмір бойына сотталған ең қауіпті қылмыскерлер жазасын өтеп жатыр. Бірақ 287 сотталушының ешқайсысынан әзірге коронавирус анықталмаған.
Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Тест сынамасы оң нәтиже көрсеткен науқастар бірден бақылауға алынды. Олар сотталушылармен ешқандай байланыста болмаған. Алайда жазасын өтеушілер арасында коронавируспен ауырғандар анықталса, олар да өзге азаматтар сияқты хаттамаға сәйкес ем-дом қабылдайды. Тіпті түрме ішінде провизорлық орталық құрылуы мүмкін.
Атырау облысындағы ахуал күннен-күнге ушығып барады. Бүгін бұл өңірде бақандай 142 адамнан ауру анықталды. Барлығы да сол Теңіз кен орнының жұмысшылары. Вахталық қалашықта тағы 2 мыңнан астам адам карантинде жатыр. Оларға 100-ге жуық дәрігер күтім жасауда. Тіпті кеніште үш бірдей зертхана жұмыс істеп тұр. Мұндағы мақсат індеттің басқа аудан, ауылдарға таралып кетпеуін қадағалау. Өйткені мұнайлы өңірдегі вирус жұқтырғандардың тоқсан пайызы Теңіз кенішіндегі жұмысшылар.
Ержан Төлек, Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бүгін міндетті скрининг кезінде 142 коронавирус инфекциясын жұқтырған азамат анықталды. Олардың барлығы карантиндік стационарда жатқан азаматтар болатын. Себебі, алдында осы дертті жұқтырғандармен байланыста болғандар. Жалпы облыс бойынша 13 наруыз бен 18 мамыр аралығында 29400 тест жасалды. Олардың 17 мыңнан астамы Теңіз кенішінде жұмыс істейтін қызметкерлер.
Ақмола облысында бір отбасы мүшелерінен індет анықталды. Үйдегі алты адамға инфекция Елордадағы ауруханада жұмыс істейтін медбикеден жұққан. Талапкер ауылында үй карантинде болған келіншек жұмысқа шығарда тест тапсырыпты. Нәтижесі оң болған. COVID-19 вирусы әйелдің үш баласына да жұққан екен. Ал Оразақ ауылында қайтыс болған кісіге көңіл айтып келген Нұр-Сұлтан қаласының екі тұрғыны ауылға ауру таратқан.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысының Бас санитар дәрігері:
- Оразақ ауылында кісі қайтыс болған. Сонда батада болған адамдар тегіс тексерілді. 22 адам үй карантиніне жатқызылды. Осы екі ошақта коронавирус табылған 8 адам Көкшетаудағы диспансерде емделіп жатыр.
Батпандап кіріп, мысқылдап тұрып алған ауруды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені қазірдің өзінде індет жұқтырғандар саны жеті мыңға жуықтап қалды. Тіпті соңғы күндері науқастар саны еселеп өсіп жатыр. Жазылып шыққандары да жоқ емес. Ал осы кеселден көз жұмғандар саны 35 адамға жеткен. Бірақ барлығы коронавирустан көз жұмды деуге келмейді. Арасында ауыруын осы вирус асқындырып жібергендері де бар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі карантин біткен соң әр жағдайды жіті тексеріп, кімнің коронавирустан, кімнің өз ажалымен бақилық болғанын анықтамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!