Тоқаев: Еуразиялық одақтың стратегиясын қайта пысықтау қажет
Еуразиялық экономикалық интеграциялық стратегияны анықтайтын құжатты бекітуді кейінге шегеру қажет. Бүгін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Өйткені Еуразиялық экономикалық комиссияның атқаратын қызметіне қатысты сұрақтар бар. Қазақстан президентіне бұл органға берілген құзіреттің кеңдігі ұнаған жоқ.
Автор: Әсем Қабылбек
19.05.2020
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретін кеңейтуге қатысты бастаманы мұқият қарап, зерттеуіміз керек. Комиссия мүшесі үшінші елдермен инвестиция тарту, сауда және қызмет көрсетуге қатысты екіжақты келіссөздерді талқылау барысында кездесуге қатысады делінген. Шын мәнінде аталған салалар әр елдің жеке мүддесі. Кездесу нәтижесін комиссияға артынан баяндауға да болады. Еуразиялық комиссия кеңес беретін басты органға айналуы тиіс.
Видеоконференция барысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекет басшылары алда қабылданатын басты құжатты талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі саладағы ықпалдастықты реттейтін стратегияға тағы да көз жүгіртіп, кейбір тармақтардағы құқықтық қатынастарды реттейтін тетіктерді пысықтау керек деді. Мәселен, экономикалық одақ аясында құрылатын комиссия әр елдегі Үкімет мен Парламенттің жұмысына кедергі келтірмеуі шарт. «Алдағы 5 жылдықтағы жоспарды нақтылайтын құжатты бекітуге асығыстық танытпау қажет» - деп есептейді Тоқаев. Себебі, жақында ғана Еуразиялық комиссия өкілдері құжатты дереу қабылдау туралы бастама айтқан болатын.
Қазақ елінің басшысы пандемия кезінде амалсыздан енгізілген мемлекетаралық шектеулерді алуға ерекше тоқталып өтті. Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы алдағы күзде Минскіде өтеді. Жиында Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағыттары талқыланады. Айта кетейік, биыл ұйымға төрағалық ету тізгіні – Беларусь Республикасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!