Жақындарынан айырылған тараздық көпбалалы ана ІІМ-нен көмек сұрайды
«Жақындарымды ажал құштырғандар жауапқа тартылсын!» Тараздық көп балалы ана жеке күзет қызметі жігіттерінің кесірінен «енем мен сәбиімнен айырылдым» деп отыр. Келіншектің ет жақындары күзет фирмасының қызметкерлері себепкер болған жол апатында қайтыс болған. Ал кінәлілер әлі күнге жауапқа тартылмапты. Сондықтан ол Ішкі істер министрлігінен көмек сұрайды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
20.05.2020
Іңкәр Жақаева үшін өткен жылдың 26-шы қазаны қаралы күн. Дәл сол күнгі жол апатынан кейін баласы мен енесінен айырылған. Келіншектің айтуынша, енесінің аяғы сынып, жарақаты ажалына себеп болыпты. Тамырына зақым келіп, жеті күнде қайтыс болған. Іңкәрдің де жамбасы морт кетіп ауруханаға түсті. Ішінде алты айлық сәбиі бар әйелге кесір тілігін жасуға тура келгенімен, шақалақ шетінеп кеткен.
Іңкәр Жақаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мен соққыны ішімнен алдым.
- Бала алмады ма сол соққыны?
- Мен бес баламды осыған дейін еш қиындықсыз босанғанмын. Ешкімнің көмегінсіз. Кесір тілігінен де қанша азап шектім.
Жол апаты жеті ай бұрын болған. Ішінде 4 адамы бар көлікті жеке күзет қызметінің жігіттері мінген машина соққан еді. Қатты соққыдан көліктердің сау-тамтығы қалмаған. Сол кезде кінәлілердің машинаны мас күйінде басқарғаны айтылды.
Төлеген Әбдірахманов, І. Жақаеваның күйеуі:
- Рөлде ана жігіт, ішіп алған. Енді «мен емеспін» деп мойындамай отыр.
- Оқиға орнына қашып кетпек болған ба?
- Солай болған. Артында қару жатыр. Екі автомат, дубинка, каска. Тағы бір жігіт артында қызбен отыр.
Қара жамылған отбасы жол апатына айыптыларды әлі күнге жауапқа тартқыза алмай жүр. Олар күні бүгінге дейін тергеуі ісінің сотқа жетпей жатқанына қапалы. Соған қарағанда күзет компаниясының артында ықпалды адам тұр ма деп күдіктенеді. Сондықтан Ішкі істер министрілігінен көмек сұрайды.
Іңкәр Жақаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Тергеуші – бәрі дөрекі сөйледі. Менің кінәм заңды білмегенім бе? Қарапайым адам адам емес сияқтымыз.
Ал тәртіп сақшылары өздеріне шаң жуытпады. Сөздеріне қарағанда, жол апаты дерегі бойынша 7 сараптама тағайындалған. Тергеу ісінің ұзап кетуіне солардың қорытындысының шықпауы себеп деп ақталды.
Асан Смайылов, Тараз қалалық ПБ әкімшілік полиция тобының инспекторы:
- Сот сараптамасының қорытындысына сай, «Лада» автокөлгінің жүргізушісі көлікті орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
- Яғни кінәлі болып отыр ғой, күзет қызметі?
- Ол туралы ештеме айта алмаймын.
Ал күзет кызметі өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Фирманың заңды тіркелген мекен-жайында жеке адам тұратын болып шықты. Сөйтсе бұл компания атын ауыстырып жіберіпті. Бірақ бұл жерден де басшыларын таба алмадық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!