Бас санитар дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады
Елде карантин режимі жеңілдетілгенінен бері санитарлық талаптарды сақтамай жүргендердің әрекеті жұртты шошытып бітті. Мысалы, Алматыда автобустың кейбір жолаушылары бетперде тағуға мән бермейді. Осыған байланысты еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин талаптарын әлі де қатаң сақтап, қорғаныш заттарын қолданып жүру керектігін ескертті. Яғни тұрғындар өзінің ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.05.2020
Төтенше жағдай режимі аяқталғалы жұртшылықтың карантинге қатысты пікірі қақ жарылды. Бірі бетперде тағып әлі де сақтанып жүрсе, енді бірі көпшілік орында сақтық шараларын естен шығарған. Алайда мамандар «асығыстық жасамаған дұрыс» дейді. Өйткені бетпердені қолдану өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына деген жауапкершілік.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Төтенше жағдай режимінің аяқталғаны карантин бітті деген сөз емес. Сол себепті барлық қойылған талаптар әлі де күшінде. Ал вирустан сақтанудың бірден бір жолы - бетперде тағу. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, адам қолын бір минутта 5 рет бетіне тигізеді. Ал бұл инфекцияның жұғуына үлкен себепші. Сол үшін қауіпті дертті толық ауыздықтағанша, бетпердені тастамай тағып жүрген жөн.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта ешкімге бетперде тегін таратылмайды. Бұған қоса, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін кәсіпорын тарапынан жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, не етпеуі еңбек шартына байланысты. Ал фармацевтика мамандары халықтың жүріп-тұруына еркіндік берілгеннен кейін қаладағы дәріханаларда бетпердеге деген сұраныстың артқанын айтады.
Дариға Орынғажинова, фармацевт:
- Қазір бетперде көп өтеді, күніне 500-600. Ал көп қолданылатын бетперде – 20-30. Қазір нағыз қызған кезі. Карантинде үйде отырғанда бетпердеге онша сұраныс болмаған. Қазір көбі далада қыдырып жүргеннен кейін 90 пайыз адам киіп жүр.
Қазір дәріханаларда бір реттік бетперде - 110 теңге. Мұны күніне үш сағат сайын ауыстырып отыру тиіс. Жалпы есептегенде бір айда бір ғана адамның өзіне 11 мың теңге кетеді екен. Ал қоғамдық көлік жүргізушісі: «Бетперде кимеген адамды ішке кіргізбей, қуып шығуға қақымыз жоқә - дейді.
Жанна Айсаева, қоғамдық көлік жүргізушісі:
- Егер бетпердесіз кірген адамды көрсе, оған өзге жолаушылардың өздері ескерту жасап, ұрсып жатады. Ал өзіміз күнделікті санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтап отырамыз. Мұндай көпшілік жиналатын қоғамдық көлікте адамдар барынша сақтанғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл әркімнің өз денсаулығы үшін ғой.
Қала ішінде қоғамдық көлікке мінген жолаушылар бетперде тағып және ара қашықтықты сақтауы тиіс. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин жалғасуда. Мамандар санитарлық нормаларды қатаң сақтау арқылы ғана вирустың таралу қаупін толық тоқтата алатынымызды айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!