Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері әкімге талап қойды
Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмыстан бас тартып, жалақы талап етті. Олардың айтуынша, өткен қараша айынан бастап тапқан табыстары төмендеп кеткен. Бұл жағдайдың карантинге мүлдем қатысы жоғын айтып айғайға басқан олар, талап-тілегін тыңдауға келген қала әкімі Амангелді Смайыловқа да дүрсе қоя берді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
20.05.2020
Даудың басы электронды билет енгізілген күннен басталған. «Табысымыз содан бері азайды» деген автобус жүргізушілері қолма-қол есеп айырысудың қайта енгізілгенін қалайды. 140 жүргізуші мен 40 кондуктор күніне 70 автобуспен қала ішілік бағыттарда жолаушы тасымалдап жүр. Тек соңғы екі ай вирусқа байланысты жұмыссыз отырған. Енді карантиндік шектеулер жұмсарып, қайта рульге отырған кезде жалақыларын бұрынғысынша төлеуді талап етіп отыр. Ал автобус паркінің қожайыны түсімді толық тапсырмайтын жүргізушілердің өзін кінәлады.
Әсия Шәрімова, «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры:
- Төтенше жағдай орын алғанға дейін электронды билет енгізілді. Сол уақыттан бері олар өзі билетсіз адамдардың ақшасын толық тапсырмай жүр. Түсім жоқ десе болады. Ал карантинге байланысты арнайы комиссия субсидия жағын қарастырып жатыр. Мемлекеттен қолдау болса, жағдай түзеледі. Бірақ бірден емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!