Алматыда тұрғындар үй іргесінде салынатын жәрмеңке құрылысына қарсы шықты
Тұрғындардың тынышын қашырған құрылыс. Алматыда тұрғындар үй іргесінде ғимарат салынуына қарсылық білдірді. Наразы жұрттың айтуынша, бұл жерде жәрмеңке ашылмақшы екен. Ал есік алдында сауда-саттыққа жол берілсе, санитарлық талап бұзылады деген тұрғындар, тіпті жер телімінің жартысына жуығы көше бойындағы жасыл аумаққа тиесілі екенін айтады. Бірақ жәрмеңкенің ашылатынын растаған кәсіпкер: «Барлығы тұрғындардың игілігі үшін» - деп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
21.05.2020
Тұрғындардың тынышын қашырған үй іргесіндегі құрылыс дауы бес жыл бұрын басталыпты. Жер телімінің иесі маңайды қоршап, ғимарат салуға бекінген. Бірақ сол кезде көршілердің табанды қарсылығының арқасында құрылысқа жол берілмепті. Содан бері қараусыз қалған аймақта жақында өзге біреулер төбе көрсетіп, тұрғындар тағы да дүрлігіп жатыр.
Сабыржан Бектемісов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Үшінші қабаттан концлагерь сияқты қарайтынымыз – осы. 1-мамырда Әлімжан, Әнуар дейтін өкілдері келді. Бірақ бізбен сөйлесен жоқ. Осында құрылыс бастамақшы. Не бастайтынын айтқан жоқ. Алпыс пәтер болса, соның 47-сі қарсымыз деп, қол қойды.
Наталья Долматова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл құрылыс қаламыздың көркіне қандай әсемдік беретінін түсінбейміз. Қалада саябақ аймақтары кеңейтіліп жатқан тұста, күнделікті жүріп-тұратын жеріміз тарылып жатыр.
Алайда тұрғындар: «Бұдан да өткен сорақылыққа соңында көз жеткіздік» - дейді. Өйткені жұмбақ жерде жәрмеңке ашылмақшы екен. «Есік алдында сауда-саттыққа рұқсат етілсе, санитарлық талаптар бұзылады», - дейді наразы жұрт. Ал ашулы топпен кездескен кәсіпкер жәрмеңке салынатынын растады.
Жәнібек Мүсәпіров, кәсіпкер:
- Бұл жерде еуропалық үлгідегі жәрмеңке, бутиктер тұрғызбақшымыз. Тұрғындарға арзан бағадағы азық-түлік сатсақ дейміз. Аталмыш мәселені олармен келісіп шешуден қашпаймыз. Егер біздің тараптан олқылық кетсе, қателіктерді түзетеміз.
«Бәрі тұрғындардың игілігіне» деген кәсіпкердің айтуынша, жер телімі жалға алынған. Құрылыс жұмыстары заң аясында жүргізіліп, барлық талаптар сақталады. Тіпті жәрмеңкенің ашылуына қолдау білдіргендер де бар көрінеді.
Қазір қоршау ішінде құрылыс қызбаса да, дайындық жұмысы басталған. Кейбір ағаш кесіліп, тас төгілген. Төңірек түгел тегістелмек. Бірақ тұрғындар жер телімінің жартысына жуығы көше бойындағы жасыл аймаққа тиесілі, ешқашан құрылыс жүргізуге болмайды дейді.
Сұлужан Жолымбетова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Көшені біреу сатып алды дегенге сенбеймін. Көшені адам сата ма? Бұл Жамбыл көшесі, №1 үй!
Ал жергілікті билік өкілдері жекеменшіктің ісіне араласа алмайтынын айтады. Бірақ жәрмеңкеге қарсылық танытқандар құзырлы мекемелерге толассыз хат жазып, құрылысты тоқтатуын талап етуде. Қала әкімінен де көмек сұраған халық ақырына дейін күреспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!