{metadescription}
Covid-19: Қарағандыдағы кеніште өндіріс тоқтап, «Астана Опера» жабылды
Covid-19: Қарағандыдағы кеніште өндіріс тоқтап, «Астана Опера» жабылды

Covid-19: Қарағандыдағы кеніште өндіріс тоқтап, «Астана Опера» жабылды

Коронавирус кесірінен Қарағанды облысында тұтас кеніште өндіріс тоқтады. Өйткені мыс өндірілетін «Нұрқазған» кен орнындағы жұмысшылар жаппай індет жұқтырған. Ал елордада «Астана Опера» театрының ғимаратын жабуға тура келді. Мұндағы қызметкерлердің бірінен де Covid-19 вирусы анықталған. Өткен тәулікте елімізде коронавируспен тағы 265 адам тіркелді.

Осылайша өсім 3,8 пайызды құрап отыр.

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус кесірінен «Нұрқазған» кенішіндегі өндірісті тоқтатуға тура келді. 6-мамырда мұнда індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген. Осыдан кейін кеншілер жаппай тексеріліп, вирус 35 адамнан бір-ақ шықты. Мұндағы жұмысшыларды Covid-19-ға тексеру әлі де жалғасуда. Ал мыс өндірісі жуырда қайта жанданады деп жоспарланып отыр.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-і:

- 1-маусымнан бастап «Нұрқазған» кеніші өкілетті органдар бекіткен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, вахталық ауысыммен жұмыс істеуге көшеді. Бұл әдіс коронавирусқа шалдығудың алдын алуға көмектеседі.

Елорда төріндегі өнер ордасы – «Астана Опера» театрының ғимараты да жабылған. Өйткені кеше мұндағы қызметкерлердің бірінен коронавирус диагнозы расталды. 11-мамырдан бастап ұжымның 30 пайызы театрдағы жұмысына қайта кіріскен еді. Енді олар үй карантиніне жатқызылды.  

Салтанат Әбдірова, «Астана опера» театры баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазір театр қызметкерлерімен жұмыс жасау механизмі әзірленді. Олардың барлығы өзін-өзі оқшаулап, қашықтан жұмыс жасауға көшті, күн сайын «Астана Опера» жедел штабына денсаулығы жайында ақпарат беруде.

Соңғы тәулікте тағы 265 отандасымызға Covid-19 диагнозы қойылған. Яғни, індеттің беті әлі қайтар емес. Содан болса керек, Covid-19-ға душар болғандар жұртқа видеоүндеу жолдап жатыр. Мәселен, Түркістан облысындағы коронавирустан емделіп жатқан 52 жастағы науқас өзінің төрт күн бойы қатты қиналғанын айтады. Тек бесінші күні жағдайы жақсара бастаған. Әйелдің баласы да аталмыш індетті жұқтырып, ауыр хәлде жатыр.

Ділдар Атаханова:

- Мен COVID-19 індетін жұқтырып алдым. Ол індетті қайдан жұқтырғанымды білмеймін. Сіздер абай болыңыздар. Бұл індетке сенбеске болмайды.

Дегенмен жұрт мұндай сөздерді пысқырар емес. Мәселен, Ақмола облысының Қосшы кентінде қауіпке көз жұмып, туған күнге барған 8 адам үйіне вируспен қайтқан. Сол 8 науқаспен байланыста болған тағы 7 адам  дертке душар болды. Шектеуге қарамай қонақ шақырған үй иелері де арнайы стационардан бір-ақ шықты.

Айнагүл Мусина, Ақмола облысының Бас санитар дәрігері:

Олардың бәрі туысқан. Алдымен әйел адам ішек инфекциясы белгілерімен Нұр-Сұлтан қаласына барып қаралған. Қазір емдеу мекемелеріне келгендер міндетті түрде коронавирусқа тексеріледі. Сол тексеруде оның анализі оң нәтиже көрсеткен. Содан кейін індет науқастың туыстарынан да анықталды.

Ақмоладағы қауіпті кесел анықталған соңғы науқас Ресейден келіпті. Шығыс Қазақстан облысында кеше тіркелген бір адам да індетті солтүстіктегі көршімізден жұқтырып келген 19 жастағы студент қыз.

Соңғы тәулікте дерт жұқтырғандардың өсімі 3,8 пайызды құрап отыр. Ал осыған дейін індетпен тіркелгендердің жалпы саны – 7234. Алматыда кеселге шалдыққандар 2 мыңға жуықтады. Нұр-Сұлтанда тіркелген адам саны 1403-ке жетті.

3835 отандасымыз вирусты жеңіп шыққан. Өкініштісі, 35 адам Covid-19-дың құрбаны болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде