Алматы: Кәріз қалдығын таситын жүргізушілер тығырыққа тірелді
Алматыда кәріз қалдығын таситын 100-ге жуық жүргізуші қоқысты қайда төгерін білмей әлек. Олардың айтуынша, қаладағы осыған дейін барып жүрген бекет еш ескертусіз жабылған. Ал ондағылар «соттың шешімімен жабылуға мәжбүр болдық» дейді. Екі арада осы шаруамен күн көрген көлік жүргізушілері қиналайын деп тұр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.05.2020
Қаланың кәріздегі қалдығын тазалап тасумен талғажау тауып жүргендердің тауы шағылды. Таңнан осында топтасқандар енді тараса алмай тұр. Өйткені қалдық төгетін орын жабық.
Сәкен Сыздықов, көлік жүргізушісі:
- Мына төгетін жер жабылып жатыр. Бәріміздің істеп отырғанымыз. Бізге 30 шақырым барыңдар дейді. Ал мына жер біз жұмыс істеп жүрген жер. Бала-шағамызды асырап жүрміз. Несиелеріміз бар.
Нұрғали Оразбақов, көлік жүргізушісі:
- Бізге айтып ескерту керек қой. Мүмкін бір шақырым, ары жерде тағы да ашуға бола ма? Бізге, халықтың жағдайына қарай жүру керек қой.
Жүргізушілер септикті соруға тұрғындардан 10 мың алып, төгуге мындағыларға 2 мың береді. Балама ретінде ұсынылған басқа бекет 30 шақырым қашықтықта. Оған сабылса пайда емес, шығынға батады. Ал мына бекет дарбазасы ашық болғанымен, оған қалдықты төгуге рұқсат жоқ.
- Қазір мына жерге төксек, бізге 75 мың айыппұл салады. Ал біз бүкіл қалаға қызмет көрсетеміз.
Бекетке жауапты жеке кәсіпкерге хабарластық. Ол жағымсыз иіске қатысты шағымданған тұрғындардың арызы сотта қаралып, бұл жерді жабу туралы шешім шыққанын алға тартады.
Мәрлен Мұқанов, кәсіпкер:
- Машиналардан шыққан иіске, көліктердің сол көшемен жүргеніне, содан бері ол кісілердің шағым, арыздары әр ай сайын аудандық әкімде тіркеліп отырды. Бізде де жазылды. Біз де барып ол кісілермен талай кездескенбіз.
Жүргізушілердің енді қала сыртындағы басқа бекетке барудан басқа амалы жоқ. Енді септикті тазалаудың бағасын еріксіз көтеруі де мүмкін. Көпшілік қалтасын қақпау үшін олар бұл жердің қайта ашылуын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!