Түркістан облыстық балалар клиникасының басшысына жазылған шағымды арнайы комиссия тексереді
Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері басшылығына қарсы шықты. «Гауһар Үкбаева басшы болып келген 9 айда жұмыс көбейіп, төленетін ақша азайып кетті», - дейді наразы қызметкерлер. Тіпті бастықтан «теперіш көрдік» деген медқызметкерлердің алды жұмыстан жаппай кетіп те жатыр екен. Наразы дәрігерлер Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бастап, министр мен президентке дейін арыз түсірді. Тілшіміз дәрігерлердің жанайқайын тыңдап келді.
Автор: Бек Әбиев
22.05.2020
Шымкенттегі облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері. Былтыр қыркүйекте басшы ауысқалы бұл ұжымнан тыныштық та кетіпті. Себебі, Гауһар Үкбаева қоластындағыларға алғашқы күннен «сауаттарың аз» деп жазғыруды әдет қылды дейді ақ халаттылар. Қысымға шыдай алмаған 20 шақты маман жұмыстан кетіп тынған.
Қайрат Ізбасов, Түркістан облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Пандемия деп талай медбике дәрігерлерді қысқартып, орнына басқалар кеп жатыр. Оны біз көріп отырмыз. Басқа жақтан әкеліп, өз адамдарын отырғызып жатыр. Сол дұрыс па? Бұл жерде пәленбай жылғы өзінің тарихы бар аурухана ішінде, ұжымда 30-40 жыл істейтін медбике дәрігерлер бар.
«Қит етсе, жұмыстан қысқартатын бас дәрігер наурыз айынан бастап мәжбүрлі демалысқа жіберетінді шығарды», - дейді медқызметкерлер. Сәйкесінше, 3 маманның жұмысы бір адамға жүктелініп, жұмыс көбейіп, бірақ алашағымыз азайып кетті деп шағымданады. «Үстемақы былай тұрсын, сыйақы дегенді тіпті ұмыттық» деген дәрігерлер Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімге, министр мен президентке арыз жазып түсірген.
Айымторы Батырымбекова, Түркістан облыстық балалар ауруханасының зертхана меңгерушісі:
- Таңертеңгі жұмысым сағат 8.30-дан басталып, кешкі 6-ға дейін істеймін. Одан қалып кетуім де мүмкін. Бірақ, ол кісі бір-ақ мөлшерлеменің ақшасын төлейді. Мысалы менің басқа да жүктемелерім бар. Иммуноферментті анализдер жасаймын, оның ақшасын төлемейді. Бірмөлшерлеме төлейді, болды.
Бас дәрігер Гауһар Үкбаеваның өзі қызметке келгенде аурухана дәрі-дәрмегі, су мен жарығы, айлыққа берешегі бар жалпы сомасы 700 миллион теңге қарызда болғанын айтады. Ал мұндай жағдайда үстемақы мен сыйақыны жалпыға бірдей беру мүмкін емес екен. Сондықтан «амалсыз үнемдеуге тура келді» деп отыр. Штат саны 1010 болғанымен, жұмыс істеп жүргендер 130 адамға көп болған соң, қысқартқаным да рас дейді. Сондай-ақ, ұжым ішінде кез келген уақытта кетіп, қалаған уақытында келетін әдеттің бар екенін байқап ескерту жасапты.
Гаухар Үкбаева, Түркістан облыстық Балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
- Бірақ мен ұжымға түсіндіріп айттым: «Қиыншылықтар болады, оны шешу үшін біраз уақыт керек, шыдаңыздар, маған көмектесіңіздер» деп. Түсінгендері, түсінбегендері бар. Енді, әрине, мен осы арызды оқып, біліп тұрмын. Мен қаталмын, бірақ менің талабым – ең біріншіден, еңбек тәртібі және балаларға көрсеткен медицина көмегінің сапасы.
Әу бастағы 700 миллион қарыздан қазір 200 миллион теңгедей қалған. Бас дәрігер: «Бұл қарыздан жыл соңына дейін толық құтыламыз, сонан соң қаржылық жағдай жақсарады» - дейді. Десе де, 40-тан астам дәрігер басшымен келіскісі келмейді. Қазір аталмыш арыз бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасы құрған арнайы комиссия тексеріс жүргізіп жатыр. Шешім соның қортындысы бойынша қабылданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!