Карантин режимін елемегендерге соңғы ескерту
Карантин режиміне бағынбай, жағажайда жүргендер елордада ғана емес, ел бойынша да көп. Шомылуды бастап кеткендер санитарлық талаптар мен ара қашықтықты сақтауды естен шығарған. Бұған қоса, кейбір бизнес орталықтары жұмысын жасырын жалғастырып, клиент қабылдап жатқан дәмханалар да бар. Құқық қорғау орындары карантин режиміне пысқырмағандарға бүгін соңғы ескерту жасады.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.05.2020
Солтүстік Қазақстанда вирус жұқтырғандар көрсеткіші көтерілсе де, көпшілік тым еркінсіп кеткен. Оған дәлел – жағажайдағы жағдай. Жаймашуақ жаз бен жайбарақат өмірді сағынған олар карантинді мүлдем естен шығарған. Мамыражай мамырдағы ыстықтың қауіпі мен судың суығына қарамаған олар үш аптадан кейін басталатын шомылу маусымын да күткісі келмейді.
Азамат Жамұқов, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:
- Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталғандай, олар ара қашықтық пен санитарлық талапты сақтамаған. Бүгін барлығына ескерту жасадық. Егер алдағы уақытта қайталанып, ескертуді елемесе, жеке-жеке әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қарағандыда карантин режиміне қарамастан бизнес орталығы жұмысын бастап кеткен. Бір ғимаратта 20-ға тарта кеңсесін жалға бергендер тексеріс келгенде міз баққан жоқ. 2000 шаршы метрге дейінгі нысандар жұмыс істей беретінін айтып ақталған олар, кейін өздерін тіпті бизнес орталығы емес екенін дәлелдеп бет бақтырмаған. Ал жолдың екінші бетінгі дәмхана алды тіпті қаптаған халық. Есік алдында тапсырысын күтіп тұрғандардан бөлек, орындықтарға жайғасып тамақтанып отырғандар да бар.
Жұлдыз Саян, Қарағанды қалалық Тауарлар мен көрсетілген қызметтер сапасын бақылау бөлімінің маманы:
- Көбінде дезинфекциялық режим сақталмаған. Сауда орталықтарында бетпердесіз жүргендер көп. Мүлдем жұмыс істемеуі керек бизнес орталығы анықталды. Кафелер тағамды тапсырыс алу арқылы өздері өткізу керек. Ал көп жерде жұрт кезекте топтасып тұр.
Еліміздің түкпір-түкпірінде карантиннің бітуін күтпегендер күн санап көбеюде. Көп шоғырлануға болмайтынын есте ұстап, санитарлық талапты сақтап жүрген жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!