42500 теңгеге қолы жетпегендерге тағы бір мүмкіндік
42500 теңге әлеуметтік жәрдемақыға қолы жетпей қалғандарға тағы бір мүмкіндік ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі соған байланысты бұйрық шығарған. Яғни, жәрдемақы төленбей қалған азаматтар шынымен де табысынан қағылып, екі қолға бір күрек таппай қалғанын екінші қайтара дәлелдеуі тиіс. Ол үшін жергілікті штабтарға керекті құжат жинап, өтініш береді. Оған қандай құжат керек?
Автор: Ербол Тұрымбет
25.05.2020
Елімізде экономикалық белсенді халық саны 9 миллионнан асады. Оның 8 миллионнан астамы 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш берген екен. Бірақ соның тек 4 жарым миллионынының өтініші мақұлданып, қалғанына қайтарылды.
Енді министрдің бұйрығымен, сол өтініші қайтарылған 4 миллионға жуық азаматқа төтенше жағдай кезінде шынымен жұмыссыз қалып, табысынан айрылғанын растау үшін екінші қайтара мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін жергілікті штабқа бірқатар құжаттарды тапсыру керек.
Бауыржан Бейсенбаев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
- Төтенше жағдай орын алуына байланысты табысын жоғалтқан азаматтар, тұлғаларға 42500 теңге мөлшеріндегі өтінішті беріп, алайда 11-мамырға дейін ала алмаған тұлғаларға бұл жаңа мүмкіндік деп көрсетіп отырмыз. Бұл мүмкіндікке сәйкес, өтініш беруші екі тәсілмен береді.
Біріншіден, шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік, коммерциялық емес заңды тұлғалар әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған қызметкерлері үшін ғана тиісті орынға өтініш береді. Екіншісі, жұмысшылар өз бетінше де өтініш бере алады.
Растайтын құжаттар тізбесіне келсек, жұмыс берушілер жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы бұйрықтарын, кірісін жоғалтқанын растайтын құжаттарын тапсырады. Сондай-ақ, салық декларациясы да керек. Ал өз бетінше өтініш беретіндер салық декларациясы мен табысын жоғалтқанын растайтын құжаттарын әкелу керек. Азаматтық құқықтық сипаттағы шарттармен жұмыс істейтіндер заңды тұлғамен жасасқан шартын көрсетуі тиіс.
Бауыржан Бейсенбаев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
- Электронды бұйрықты көрсетеді, мен жалдамалы жұмысшымын деп. Мен шынында да жалақы сақталмайтын демалыста болдым деп. Жұмыс берушінің құжаттарын көрсетеді. Сәйкесінше құждаттарын көрсетіп, штабтың мүшелері шешім шығарады. Егер дәлелденетін болса, 42500 төленеді.
Штаб қорытындысымен немесе міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарын алып облыстық штабқа жүгінеді. Былайша айтқанда, осы тізіп шыққан құжаттарды жинап жүру бір бөлек, оны тапсырған күннің өзінде сізге 42500-ді бере қоюы екіталай.
Себебі, жәрдемақы тиесілі болса да оны ала алмай қалғаныңызға жергілікті штабтың көзі жетуі керек. Сонда ғана олар әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығы бар деп қорытынды шығарады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында өтініштер желтоқсан айына дейін қаралатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!