Митингілер, сайлау, саяси партияларға қатысты төрт заң күшіне енді
Парламентте ұзақ талқыланған «Бейбіт жиындар туралы» заңға бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Митингтен басқа сайлау мен саяси партияларға қатысты тағы 4 заң күшіне енді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
25.05.2020
Енді еліміздегі саяси партиялардың құрамына әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота бар. Сол арқылы парламент пен атқарушы билікте жастардың үлесін арттыру көзделіп отыр. Ал саяси партияларға келсек, жаңа партияны тіркеу үшін құрамында 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Әділет министрлігінің пайымдауынша, осының арқасында көппартиялы жүйенің қалыптасуы айтарлықтай қарқындай түседі. Сондай-ақ, бейбіт жиындарды ұйымдастыру, өткізу тәртібі заңмен бекітілді. Енді қандай да бір шеру ұйымдастыруға әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ. Бар болғаны атқарушы органдарға ескерту керек. Бұл заңға сәйкес, аудан, қалалардың орталықтарында аталмыш жиындарды өткізуге арналған орындар белгіленуі тиіс. Ал қозғалысты бөгеп, басқа адамдарға кедергі келтіретін жиындарға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, заңмен тыйым салынған жерлерден басқа орындарда пикет өткізуге болады.
Жанар Төлендинова, саясаттанушы:
- Жиындарға қатысты өтінімді бес күн бұрын беруге болады. Бұл қолайлы. Мәселен, Қырғызстанда 12 күн бұрын, ал кей мемлекеттерде бір ай бұрын ескерту керек. Сондай-ақ жиындардың әр түріне заңнамалық түрде түсініктеме берілген. Әрі 1995 жылдан бері ескірген тұстары өзгертіліп, кемшіліктері толықтырылғаны оң әсерін тигізеді деген ойдамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!