{metadescription}
Санитарлық талапқа – миллиондаған айыппұл, бетпердеге – әкімшілік жаза
Санитарлық талапқа – миллиондаған айыппұл, бетпердеге – әкімшілік жаза

Санитарлық талапқа – миллиондаған айыппұл, бетпердеге – әкімшілік жаза

Алматы қыз-қыз қайнаған тіршілігіне қайта орала бастады. Бүгін қалада сауда орталықтары мен мейрамханалар, қонақ үйлер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жұмысы жанданған нысандар санитарлық талапты орындамаса миллиондап айыппұл арқалайтынын тағы ескертті. Көшеде бетпердесіз бей-берекет жүрген бұқараға да әкімшілік жаза қарастырылған.

Карантиннен қажыған алматылықтар арқаны кеңге салып, есігі айқара ашылған орындарға ағылды. Әсіресе қаладағы ойын-сауық орталықтарында құжынаған халық. Жұмысы қайта жанданған сауда орындарының қызметкерлері жұртқа қауіпсіздік ережелерін түсіндірумен әлек. Бірақ оларды тыңдап, қаперіне алып жатқан бұқара некен-саяқ.

Бүгіннен бастап қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады. Бірақ мемлекеттік мекемеге бұрыңғыдай емін-еркін кіре алмайсыз. Тек eGov порталы арқылы алдын ала жазылған адамдар ғана ішке кіргізіліп жатыр. Таңнан бері мұнда ағылған қарашаның да қарасы қалың. Бірақ құжат рәсімдеуге келген жұрт сақтық ережелерін ұмытқандай.

Иық тірестіріп кезекте тұрғандар ара қашықтық сақтаудан қалған. Ғимараттың ішінде де ережені елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Ең сорақысы, жұртқа жөн сілтеп, үлгі болуы тиіс орталықтың кей қызметкерлері бетперде, қолғапсыз алаңсыз жұмыс істеп отыр. Тіпті қорғаныш құралдары қызметкерлерге түсірілім тобы келгенде бір-ақ  таратыла бастады.

Айнұр Ұйқасбаева, Әуезов аудандық ХҚКО бөлім басшысы:

- Алғашқы күні кішкене қиын болып жатыр. Адамдарды қойып жатырмыз. Көріп тұрсаңыз, арнайы сызық сызылған. Бірақ адамдар тыңдамай, келіп-кетіп жатыр. Бірінші күні ғана деп ойлаймын. Ертең адам азайып, ара қашықтық сақтап, тәртіпке келеді деп ойлаймын.

Екі ай бойы төрт қабырғаға телмірген алматылықтар мейрамхананың тамағын да сағынып қалғандай. Кафелер де карантинге тыңғылықты дайындалыпты. «Бағаны өсірмедік» деген рестораторлар санитарлық талап сақталу үшін барын салмақ. Айта кетейік, жұмысы жанданғандар санатында қаладағы қонақ үйлер де бар.

Әлфия Тоқтыбакиева, кафе қожайыны:

- Бүгін алғашқы қонақтарымыз келіп жатыр. Бірақ бұрыңғыдай адам көп емес. Біз алдымен адамдардың дене қызуын өлшейміз. Сосын бетперде таратамыз. Бір үстелге төрт адамнан артық отырғызбаймыз. Үстелдердің арасында қашықтықтық сақталған. Бас санитар айтқан барлық талаптарды орындадық.

Ал караоке, бильярд және басқа да ойын-сауық орындары сол күйі жабық тұр. Жандарбек Бекшин сақтық ережелеріне бейжай қараған кәсіпкерлерге миллиондап айыппұл салынатынын ескертіп отыр. Қазір арнайы құрылған топ есігі айқара ашылған орындарды тексеруге көшіпті. Тіпті көшеде бетпердесіз бей-берекет жүрген бұқараға да 14 мың теңге көлемінде әкімшілік жаза қарастырылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде