Білім министрі: Мектептен кейін грантқа бірден түсе алмадым
Әне-міне дегенше, оқу жылы да аяқталды. Әншейінде соңғы қоңырау кешіне дайындалатын ұстаздарға бұл жолы дәстүрлі кештің сценарийін өзгертуге тура келді. Өйткені бүгін оқушылар мен мұғалімдер үйден шықпай-ақ мектеппен қоштасты. Ел бойынша онлайн соңғы сабақтар өтіп, соңғы қоңырау соғылды. Ал 11 сыныпты бітіретіндер алғаш рет ел тарихында соңғы қоңырау кешіне он күннен соң бармақ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.05.2020
Екі айдан астам уақыт бойы онлайн білім алған оқушылар бүгін оқу жылын тәмамдады. Партада емес, интернет кеңістігінде мұғалімдерімен қоштасты. Қоңыраудың сыңғырын көбі үйде отырып, видеобайланыс арқылы естісе, оралдық оқушылар соңғы қоңырауды үйінің ауласынан тамашалады.
Онлайн қашықтан оқыту 4-сынып оқушыларының есінде қалады. Кезінде әліппемен қоштаспаған олар биыл дәстүрлі алғашқы мұғалімдерімен де қоштасу кешін көрген жоқ. Сондықтан болар, дарынды балаларға арналған мектептің мұғалімі Дидар Асқарова соңғы сабақты ерекше өткізуге тырысыпты. Дегенмен тәжірибесі мол педагог жаңа оқу жылында оқушыларымен қайта қауышатынына сенімді.
Дидар Асқарова, Дарынды балаларға арналған мектеп мұғалімі:
- Карантинде үйде отырғаннан кейін бұл салтанатты кешті ерекше ұйымдастыруға тура келді. Арасында бөлім-бөлімге бөлдім, оқушылардың өнерін де тамашалады, ата-аналар тілегін де айтты. Баланың басынан сипап, арқасынан қағып, күлімдеп көзіне айтқаннан жақсы нәрсе жоқ. Оқушы да сағынды, оқушылар бір-бірін сағынды, мектепті де сағынды. Әрине, қыркүйекте сабағымыз аман-есен басталса деп тілейміз.
Қашықтан оқыту жүйесінен бастапқыда қорқақтаған ұстаз, оқушы, ата-ананы бүгін еліміздің бас ұстазы батырға теңеді. Оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Білім министрі 11-сыныпты бітіретін түлектерге тестілеуден қорықпауға шақырып, ақылын айтты. Асхат Аймағамбетовтің өзі бірден оқу орнына түспеген екен.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Мен мектеп бітірген соң бірден грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың қажеті жоқ. Бір жыл дайындалып, тестті қайта тапсырамын деп шештім. Бір жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнадым. Нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы, мүмкіндікті пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден гөрі, 144 мыңнан аса жас түлекке соңғы қоңырау кеші қызық болғалы тұр. Өйткені сыныптастарын төртінші тоқсан бойы көрмеген олардың басқаларға қарағанда жолы болды. Оқушылар 11 жыл оқыған мектебінің ауласында өтетін соңғы қоңырау кешіне қатысып, ұстаздарымен шынайы қоштаса алады.
Биыл алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектерге мектеп бітіру кеші маусым айының 3-4 күндері білім ордасында өтпек. Алайда ол күндері оқушылар мен ұстаздар санитарлық нормаларды ұстануы тиіс. Екі метр ара қашықтықты сақтап, барлық қатысушы бетперде тағуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!