{metadescription}
Covid-19 ахуал: Жұқтырғандар күрт өсіп, шенеуніктерге сөгіс жариялануда
Covid-19 ахуал: Жұқтырғандар күрт өсіп, шенеуніктерге сөгіс жариялануда

Covid-19 ахуал: Жұқтырғандар күрт өсіп, шенеуніктерге сөгіс жариялануда

Орал қаласында кезекші топтардың жұмысы жанданған балабақшалар қайтадан жабылды. Өйткені шаһардағы бөбекжайдың екі  қызметкерінен коронавирус анықталған. Сондай-ақ, батыс өңірдегі Қарашығанақ мұнай және газ конденсаты кен орны карантинге алынды. Ал қарағандылық жергілікті шенеуніктерге сөгіс жарияланды. Олар коронавируспен күрес барысында олқылық танытқан. Елдегі індетке қатысты ахуал:

Балабақшада кезекші топтар жанданып, «карантиннің бұлты сейілді» деген оралдықтардың қуанышы көпке созылмады. Қаладағы мектепке дейінгі бір мекемеде екі қызметкер коронавирус жұқтырып, ата-аналар дүрлігіп жатыр. Енді Орал қаласындағы балабақшалар қайтадан қызметін тоқтатты. Тіпті, шаһардағы 4 емхана уақытша карантинге жабылған. Ауруханада инфекция жұқтырған науқастар дәрігерлік көмекке жүгінген көрінеді. Сондай-ақ, Қарашығанақ мұнай және газ конденсаты кен орнында карантин жарияланып, аумаққа кіріп-шығуға тыйым салынған.    

Нұрлыбек Мұстаев, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Облысымыздағы ахуал әлі тұрақсыз деп айта аламыз. Бүгінгі таңда аурушаңдығымыз әлі 5 пайыздың аймағында жүрміз.Сол себептен бас санитарлық дәрігердің қаулысымен 15 маусымға дейін созылды.

Қатерлі індет жағадан алғанда Қарағанды облысының шенеуніктері қауқарсыздық танытып жатқандай. Аурудың арынын бақылауды босаңсытып алған Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының әкімдеріне сөгіс жарияланды. Олардың қауіпті кеселмен күрестегі әрекеттері әлсіз деп бағаланған. Өйткені Бұқар жырау ауданында 32, ал Теміртауда кесел жұқтырғандар 261 адамға жеткен. Өңірде Ковидтен 595 науқас емделуде. 

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Әкімдерге ұйымдастыру жұмыстарының шалалығы үшін және эпидемиологиялық зерделеуді ескермегендері үшін сөгіс жариялаймын. Дәрігерлер мен санитарлық қызмет жұмыс бір-бірімен үйлеспейді. Салдарынан Теміртау маңындағы «Нұрқазған» кенішінің өзінен соңғы 2-3 күнде-ақ 250 адамнан вирус анықталып отыр.

Ал жамбылдық шенеуніктердің карантин тәртібін кезең-кезеңімен жеңілдетуі сол-ақ еді, өңірде вирус жұқтырғандар күрт өсті. Бір күнде 33 дерек тіркелген. Арасында жүкті әйел бар. Перзентханаға түскеннен кейін вирус анықталған 24 жастағы келіншек сәбиін дін-аман босанды. Ал бүгіннен бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары іске қосылып, қоғамдық көліктер де жолға шығуы тиіс еді. Ахуалдың ушығуына байланысты билік өкілдері шешімді өзгертті.  

Ғазиз Надуев, Жамбыл облысының бас санитар дәрігері:

- Осы аптада жобаланған ХҚRО, біз айтқан кезекшілік балабақшалар, коррекциялық топтардың жұмысын іске қосу 1-маусымға дейін шектеледі.

Шығыс Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Аймақта науқастардың саны 6,5 пайызға өсіп, 4 адам тіркелген. Барлығы шекара асып Ресейден келген жерлестеріміз. Арасында 8 жастағы қыз бала бар. 

Бағлан Тауанова, ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Барлық жағдайлар карантиндеу және тексеру орны бойынша Шемонайха ауданына енгізілді. Алдын ала жүргізілген эпидемиологиялық тексеру барысында үш жақын байланыста тұлғасы бар бір ошақ анықталды.

Елімізде соңғы тәулікте барлығы 209 адам қауіпті індеттің құрығына ілінген. Олардың арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Пайыздық тұрғыдан азайғанымен, Алатау бөктерінде бір күн ішінде 37 адамнан Covid-19 вирусы анықталды. Ал ел бойынша науқастардың жалпы саны 8 жарым мыңнан асып кетті.

Бұған дейін елдің Бас санитары дәрігерінің кеселдің алдын алуды одан әрі күшейту туралы қаулы қабылдағаны есімізде. Өйткені коронавируспен күрес қателікті кешірмейді. Сондықтан Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында карантин уақыты ұзартылды. Бірақ шектеу шараларын созу немесе қысқарту мәселесі уақыттың еншісінде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде