Блок-бекеттің ойранын шығарған удай мас жүргізуші екі отбасының отағасын өлтірді
Алматыда блок-бекеттегі жантүршігерлік апаттан зардап шеккен үшінші полицейдің жағдайы ауыр. Ал қаннен-қаперсіз қызметтік көлікте отырған тәртіп сақшыларының бірі блок-бекетте, екіншісі ауруханада тілге келместен көз жұмған. Таң атпай бекеттің ойранын шығарған 28 жастағы жүргізуші удай мас болған. Күдікті жүйткіген жеңіл көлігімен бетон блок пен темір қоршауларды бұзып өтіп, патрульдік машинаның бүйіріне барып соғылыпты. Оқиға орнына тілшіміз барып келді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.05.2020
Естігеннің есін шығарған оқиға бүгін таңғы сағат бес жарымда болды. №4 бақылау-өткізу бекетіндегі жұмыс әдеттегідей жүріп жатқан. Карантинде тынымсыз еңбек етіп келген полицейлердің бірі сыртта көліктерді тексерсе, екеуі қызметтік машинада жағдайды бақылап отырған екен. Алайда қатты жылдамдықпен келген жеңіл көлік бір сәтте бекеттің астан-кестеңін шығарды.
Қаладан облысқа өтпек болған BMW жүйткіп келіп, темір қоршау мен бетон блокқа ұрылған. Соққының қатты болғаны сонша, бетонның өзін ортасынан бөліп өтіпті. Кейін серпінмен жолдың арғы бетіндегі темір шарбақты да қиратып барып, патрульдік машинаға соғылады. Ал патрульдік көліктің ішінде екі полицей отырған.
- Бұл жерде палатка тұрған. Көлік ана жерден келген. Ернеулерін сындырған ғой, цементті. Машина мына жерде болған.
Апаттан екі көліктің де сау тамтығы қалмады. Осы маңайда тұратын жұрт қатты дауыстан шошып ояныпты. Жарылыс деп ойлаған олар дереу далаға атып шыққан.
Фарида Сафарова, Көксай ауылының тұрғыны:
- Біреулеу жылап, біреулер жанұшыра айқайлап жатты: «көмектес, көмектес, дәке бер, тәте» деп, Бинттерін әкелдік, матрас әкелдік. Баланы көліктен ғығарттық, біреуін шығара алмадық.
Өкінішке қарай, патрульдік көліктегі аға лейтенант Жарас Жанғазиев оқиға орнында тіл тартпай кетті. 42 жастағы тәртіп сақшысы бұл салада 19 жыл қызмет еткен. Ал төрт жылдық тәжірибесі бар Дастан Әбдіқанов жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Алайда 26 жастағы сержантты ажалдан арашалап қалу мүмкін болмаған. Жантүршігерлік оқиғадан тағы бір полицей зардап шекті. Ол сол сәтте бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Жүйткіген BMW оны да қағып өткен деген болжам бар. Ұшқан қирандылардан жарақат алған болуы да мүмкін.
Әлібек Жанысбаев, №7 қалалық клиникалық аурухана дәрігері:
- Науқасқа бас сүйегінің резекциясы, бас сүйегі ішіндегі ұйыған қанын алу отасы жасалды. Қазір жан сақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Миының ауыр жарақатына байланысты емін жалғастыруда.
Полицейлердің жұмысы таңғы 8-ге дейін жалғасуы тиіс болған. Яғни, үйіне қайтуға екі жарым сағаты қалған. Марқұм сержанттың шаңырағында жары мен әлі қырқынан шықпаған ұлы күтіп отырған. Ал қаза тапқан екінші сақшының қос қызы бар.
Қуаныш Кәрібаев, рота командирінің орынбасары:
- Әйелінің үшінші баласына аяғы ауыр, ұл күтіп отырған, 6 айлық ішінде нәрестесі бар. «Екі қызым бар, құдайға шүкір, енді құдай бұйырса, ұлым болады» деп қуанып, демалысқа шықсам қалай болады деп сұраған. Иә, демалыңыз, дүниеге ұл күтіп отырғаннан кейін... демалам деп...
Қос отбасының қара жамылуына себеп болған жүргізуші 1992 жылғы қала тұрғыны. Полицейлер оның мас болғанын айтады. Күдіктінің өзі жеңіл-желпі жарақат алған. Ол қамауға алынып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жандос Мұратәлиев, Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Мас күйінде жүргізіп, осындай қайғылы оқиғаға – үлкен ауыр жол апатын жасап отырғанына байланысты ол жүргізу куәлігінен өмір-бақи айырылуы мүмкін. 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сақшылардың басшылығы қапыда отағасынан айырылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Ұқсас жағдай өткен айдың басында дәл осы бақылау-өткізу пунктінде болған. Ол кезде де мас жүргізуші металл турникетті бұзып өтіп, полиция көлігіне соғылды. Адам шығыны болмағанымен, бір сақшының аяғы сынған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!