Covid-19: Жазылғандар мен көз жұмғандардан рекорд орнатқан елдер
Ресей бір күнде коронавирустан жазылғандар саны бойынша рекорд жасады. Сөйтіп бұл елде бір тәулікте 8033 адам дертінен айығып, жалпы жазылғандар саны 61 мың 600-ден асқан. Ал Бразилия, керісінше, қауіпті індеттің құрбаны бойынша көш бастады. Осылайша АҚШ-ты басып озған бұл елде бір тәулікте 807 адам коронавирустан қайтыс болған.
Автор: Салтанат Шырынхан
26.05.2020
Бүгінде Ресей билігі бүкіл әлемнен сүйінші сұрап жатыр. Өйткені екі апта бұрын вирус жұқтырғандар көрсеткіші күн сайын көтерілгенін айтқан олар, енді науқастардың жаппай жазылып жатқанын хабарлауда.
Анастасия Ракова, Мәскеу мэрінің орынбасары:
- Алдыңғы рекорд 20-мамырда болды. Ол кезде 5440 адам жазылып шыққан болатын. Ал өткен тәулікте бірден 8033 адам дертінен айықты. Осылайша елімізде пандемияны жеңгендер саны 61 619-ға жетіп отыр. Бұл жағымды жаңалық әрі қарай жалғасады деген үміттеміз.
Бразилия қауіпті дерттен көз жұмғандардың саны жөнінен АҚШ-ты басып озып, алдыңғы қатарға шықты. Бір тәулікте Құрама Штаттарда 620 адам көз жұмса, мұнда вирус 807 адамның өмірін жалмаған. Бұған қоса, Испания денсаулық сақтау министрлігіндегілер осы елдегі өлім-жітім санын қайта қарап жатыр. Мұнда ковид-19-дан 29 мыңға жуық адамның қайтыс болғаны көрсетілген. Бұған Иберия патшалығындағы қарттар үйінде қайтыс болғандардың мыңға жуығы көрсеткіште болмауы керектігін айтты. Өйткені олардың осы вирусқа ұқсас өзге де ауруы болған көрінеді. Сондай-ақ, Ұлыбританиядағы жағдай мәз болмаса да, премьер-министр 15-маусымнан бастап халық қалыпты өмірге көшетінін хабарлады.
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:
- 15-маусымнан бастап барлық сауда орталықтары жұмысты жалғастырады. Танымал 5 дүкен де ашылады. Біз сауда бөлшектеріне қатысты шектеулерді алып тастауды көздеп отырмыз.
Осылайша коронавирус бүгінде 5 жарым миллион адамға жұғып үлгерді. Оның 346 мыңы көз жұмып, 2 миллионнан аса науқас дертінен айықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!