{metadescription}
Павлодар тұрғындары: Жол емес, жылу керек
Павлодар тұрғындары: Жол емес, жылу керек

Павлодар тұрғындары: Жол емес, жылу керек

Керекуде шенеуніктерге ашуланған тұрғындар шу шығарды. Олардың айтуынша, атқамінерлер орталық жылу құбырын тартып береміз деп жылда ант-су ішеді екен. Бірақ қала басшылығы жиі ауысатындықтан, уәде орындалмай қалады. Есесіне, билік жол мен тротуарларды жөндеуге бюджеттен 540 миллион теңге бөліп қойыпты. Және мұнысын Абай көшесінің тұрғындары үшін «Ұлы ақынның 175 жылдығына орай жасалып жатқан сый» деп түсіндіруде. Жол емес, жылу керек деп ашынған тұрғындар шенеуніктердің бұл тартуын қабылдағысы жоқ.

Ашулы топ шаһар тұрғындарының қатарына жатқанымен, ауыл жұртының күйін кешіп жүр. Өйткені олар бүгінге дейін от жағудан көз ашпаған.

Қабидолла Тиыштықбаев, Павлодар қаласының тұрғыны:

Қартайған шағымызда қаншама қиналамыз. Көмір жағамыз, су әкелеміз. Соның барлығы қартайған шағымызда бізге ауыр. 

Ал шенеуніктер жұртқа «орталық жылу құбырын тартып береміз» деп жылда сөз береді екен. Дегенмен қала басшылығы жиі ауысатындықтан, бұл сөз күйінде қалып келеді. Есесіне, атқамінерлер әлі тозып үлгермеген жүргіншілер жолын жаңалатуды бастапты. Және бұл әрекетін Абай көшесінің тұрғындары үшін «Ұлы ақынның 175 жылдығына орай жасалып жатқан сый» деп түсіндірген.

Сәрсенбай Құрымбаев, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Бюджеттің ақшасы текке кетеді. Естідік, жаңа әкім жас адам деп. Ол кісіге осы біздің айтқанымыз жетеді. Сол кісі еститін болса, мынаны тоқтатып, 175 жылдығын дұрыстап тойлайық. Қарап отырсаң, Абайдың аруағы да риза болмайтын шығар.

Күләш Ерқасова, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Асфальтты, бәрін көтерді, үйіміз бәрі төмен түсіп қалды. Әлгі айтқанда, астыңғы қабатта тұрып жатқан сияқтымыз, өтіп бара жатқан жұрттың аяғын көреміз. Тас төсеуіш керек жоқ нәрсе. Қыстың күні көмір кіре алмайды. Машина кіре алмайды. 

Осылай деген тұрғындар: «Жаңа жол төсегенше, жұртты орталық жылу жүйесіне қосып, қуантсын» - дейді. Ал қала билігі әзірге ондай мүмкіндік жоқ деп отыр.

Қайрат Нүкенов, Павлодар қаласының әкімі:

- Абай көшесі – орталық көшелермен қиылысқан басты көшелердің бірі. Соңғы рет 2017 жылы жөнделген. Бұл көшеге бүгін-ертең жылу тартылады деп нақты айту мүмкін емес. Ол үшін құны 6 млрд. теңге тұратын жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Бірақ әлі сараптамадан өтіп жатыр.

Әкімнің айтуынша, жылдар бойы орталық жылусыз отырған жұрттың тағы бірнеше жыл күтуіне тура келеді. Алдағы уақытта арнайы жоба сараптамадан өтіп жатса, бұл мәселе шешілуі тиіс.

Ал 75 жыл бұрын Абай Құнанбаевтың есімі берілген көшеде қазір 500-ге жуық үй бар. Күн суыса, баспанасын отынмен, кейбірі тоқпен жылытып сандалған жұрт биыл орталық жылуға қосылуды қалайды. Ал бюджет ақшасын оңды-солды шашудан жалықпайтын атқамінерлер тротуарларды жөндеуді тоқтатпаған жағдайда, көшені жауып тастауға шығамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде