Алматы: Алапат өртте жиһаз цехындағы заттар күлге айналды
Алматыда жиһаз цехы отқа оранды. Қызыл жалын мың шаршы метрге жуық аумақты шарпып, сол маңдағы тұрғын үйлерге қауіп төндірген. Алайда өрт сөндірушілер лапылдап жанған оттың жан-жаққа жайылуына жол бермей, тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап үлгерді. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір оттың неден тұтанғаны және шығын көлемі анықталып жатыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
26.05.2020
Тұрғындардың үрейін ұшырған өрт таң алакеуімде тұтанған. Лапылдап жанған жалын күшіне мініп, Алматы аспанына әп-сәтте қою қара түтін көтерілді. Сөйтіп өрт дес бермей, өрши түскен.
Жиһаз цехының отқа оранып жатқанын алғашқылардың бірі болып Әділет көрген. Жігіт ағасы алдымен жұрттың қауіпсіздігін ойлап, сол маңдағы тұрғын үйлердің «есігін қақтым» дейді.
Әділет Әспетов, оқиға куәгері:
- Қара түтін шығып тұрғаннан кейін осы жаққа қарай жүгірдім. 102-ге хабарласып, тұрғындарды оятып, үйінен шығардық. Үш үйге айтып үлгердік. Ары өздері бір-біріне айтып, далаға шықты. Сол кезде өрт сөндірушілер де келді.
Тілсіз жауды ауыздықтауға бас-аяғы 65 адам мен 19 арнайы техника жұмылдырылған. Осылайша құтқарушылар қызыл жалынның жан-жаққа жайылуына жол бермей, жиһаз цехына жапсарлас орналасқан сантехникалық бұйымдарды сақтайтын қойма мен үйлерді оттан аман алып қалыпты. Бірақ нысан ішіндегі екі көлік қызыл жалынға оранған.
Гүлдана Нұрымбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
- Бұл нысан 2019-2020 жылы жаңадан істелінген. Қолданысқа берілмеген. Сол себепті, төтенше жағдай департаменті тексермеген. 25 литрлік екі газ баллонын өрт сөндірушілер дер кезінде алып шыққан. Сондықтан үлкен жарылысқа жол берілген жоқ.
Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен екі сағаттай арпалысып, әрең дегенде ауыздықтады. Қызыл жалын шамамен мың шаршы метрге жуық аумақты шарпып, жиһаз жасайтын цехтың ішіндегі барлық заттар күлге айналды. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Ал шаш етектен шығынға батқан цех басшысы тілшілерге сұхбат беруден бас тартты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!