{metadescription}
Тексерушілер сау ете қалғанда... қулығың іске аспайды
Тексерушілер сау ете қалғанда... қулығың іске аспайды

Тексерушілер сау ете қалғанда... қулығың іске аспайды

Ашыла салып, айыппұл арқалады. Алматыда карантин талаптарының орындалуын тексерген мамандар сақтық шарасын елемеген қоғамдық тамақтану орнын анықтады. Шектеу басталғалы есігі бүгін ғана ашылған дәмхана қызметкерлері тәртіп сақшыларын көре сала, бетперде таққанымен, қулығы іске аспады. Ал полицейлермен бірге қоғамдық орындарда карантин режимін қадағалаған жергілікті билік өкілдері көшеде бетпердесіз жүргендерге де ескерту жасап, көпшілікті босаңсымауға шақырды.

Адам аяғы үзілмейтін базар маңындағы дәмхана бүгін есігін айқара ашыпты. Алайда карантиннің қатаң талабын елемейтін секілді. Тексерушілер сау ете қалғанда, төбесінен жай түскендей абдыраған қызметкерлер жалма-жан бетперде тағуға кірісті.  

- Жұмыс кезінде неге бетперде тақпайсыздар? Не бетперде, не қолғап жоқ. Жаңа ғана кидіңіз.

Осылайша алғашқы қонағын күтіп үлгермеген дәмхана әкімшілігі қауіпсіздікке салғырт қарағаны үшін айыппұл арқалады. «Әкімшілік жауапқа тартылғандарың әрекеті өзгелерге сабақ болуы тиіс», - дейді әкімдіктегілер. Ал тәртіп сақшыларымен бірге өзге де қоғамдық орындарды аралаған жергілікті билік өкілдері көшеде бетпердесіз жүргендерге ескерту жасап, карантин қағидасын сақтауға шақырды.

- Бетпердеңіз бар ма? Тағыңыз.   

Айдос Нұрлыбаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

- Жеті жұмыс тобы құрылған. Басты мәселесі тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізу. Бетперде тағу ережесі қолданылғалы бері, бүгін үшінші күн, осы жұмысты атқарып жатырмыз.

Қолына дауыс зорайтқыш ұстап әрбір қалтарысты сүзіп шыққан  шенеуніктер мен полицейлер қоғамдық көліктерге де кіріп, жолаушылардың жай-күйіне қанықты. Тіпті қауіпсіздікке бейжай қарағандарға бетперде таратылды. «Ескертуді пысқырмайтындар әлі де бар», - дейді тәртіп сақшылары. 

Фархат Сыбанов, Медеу аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

Адамдар әр түрлі. Кейбіреуі түсіністікпен қарап, рақметіп айтып жатады, кейбір асығып бара жатқан кісілер түсінбейді. Оларға айтарымыз: карантин ережесін сақтасын. Өз денсаулығын, туған-туыстарының денсаулығын ойласын.  

Күні кеше Алматының бас санитар дәрігері бетпердесіз жүргендерге 14 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылғанын айтқан. Бірақ жергілікті билік өкілдері әзірге ондай тапсырма түспегінін айтады. Десе де, бетперде тағу сақтық шараларының алғышарты екенін ұмытпаған жөн.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде