Шенеуніктер шектеу шарасының келесі қадамын жасай алмай отыр
«Базар ашылмаса, аштан өлеміз» деп айғайға басқан ақтөбеліктер билікті батыл қадам жасауға мәжбүр етті. Осы даудан кейін облыс әкімінің өзі ел алдына шығып, тұрмысқа ең қажетті нысандардың ертең іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл өңірде эпидемиологиялық ахуалдың шатқаяқтап тұрғанын айта кетейік. Қарағанды мен Жамбылда да жағдай күрделі. Қос өңірде сәт сайын дерт жұқтырғандар дерегі тіркелуде. Соның кесірінен шенеуніктер шектеу шараларының келесі қадамын жасай алмай отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.05.2020
Күні кеше ақтөбелік саудагерлер байбалам салған. Олар карантиндік шектеудің ұзап кетуіне наразылық білдіріп, базардың ашылуын талап еткен еді. Бекер боламаған тәрізді. Бүгін облыс әкімінің өзі ертең іске қосылатын нысандардың тізімін жария етті.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Азық түлік базарлары мен мал базары, автокөлік пен құрылыс заттары базары және киім кешек базарлары іске қосылады. Күндізгі 10:00 кешкі 17:00 дейін жұмыс жасауға рұқсат етіледі. 30 адамға дейін еш көрерменсіз оқу жаттығу процестерін өткізу үшін спорттық нысандарға, сауда үйлері мен орталық, дүкендерге рұқсат.
Ақтөбе облысында жалпы саны 282 адам індет жұқтырып отыр. Қарағандыда бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Ай басынан бері «Қазақмыс» кенішіндегі 300-ден аса адамнан инфекция табылған. Оның 163-і жұмысшы болса, қалғаны солардың жақындары. Кеселге шалдыққандар карантиндік тәртіпті елемеген көрінеді. Тіпті кейбірі тыймға қарамастан ауызашарға барған. Салдарынан жалғыз адам 13 кісіге ауру жұқтырып отыр. Ал бүгін өңірде тағы 67 тұрғыннан Covid-19 вирусы табылды.
Айгүл Шатекова, Қарағанды облыстық Көрсетілген қызметтер мен тауарлардың сапасын бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Барлығы жұқпалы аурулар стационарларына жатқызылды. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, ем алуда. Ошақтарда дензинфекциялық шаралар жүргізілді.
Жамбылда вирус жұқтырғандар дерегі рекордтық көрсеткішке жетті. Бір тәулікте 51 адамнан індет анықталған. Өңірде карантиндік шараларды жеңілдетудің үшінші кезеңі күтілген еді. Алайда ахуалдың ушығуына қатысты шектеулерді қайта күшейтуге тура келді. Бүгінгі есеппен аймақта вирусқа шалдыққандар саны 343 адамға жетті.
Айта кететін жағдай, бұдан былай вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарға қатысты жаңа тәртіп енгізіледі. Бұл туралы еліміздің Бас санитар дәрігері мәлім етті. Айжан Есмағанбетованың айтуынша, енді індетке шалдыққандарман жақын қытынас ұстағандар оқшауланбайды. Олар тек тест тапсырып, «карантин тәртібін сақтаймыз» деп уәде етсе, қолхат арқылы үйіне жіберілмек.
Айжан Есмағамбетова, ҚР бас санитар дәрігері:
- Адамдарды «жақын қатынаста болғандар» және «жақын емесі» деп, екіге бөлеміз. Бірінші топқа жататындарға үйінде болуға рұқсат етсек, екінші топқа кіретіндерден індеттің еш белгілері анықталмаса, оларды оқшауламаса да болады.
Атырауда да жағдай әлі тұрақтамады. Мұнда тағы 32 кісіден вирус шыққан. Сөйтіп қатерлі дертке шалдыққандар 923 адам болды. Оның басым бөлігі – Теңіз кенішінің жұмысшылары. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте де кесел жұқтыру қарқыны әлі бәсеңдемеді. Жалпы ел бойынша 9 мыңға жуық адамнан COVІD-19 анықталса, аурудан айыққандар 4 жарым мыңнан асты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!