Біртанов: Қауіпсіздік сақталмаса, карантин қайтадан күшейтіледі
Елімізде карантин қайтадан күшейтілуі мүмкін! Жұрт қауіпсіздік шараларын пысқырмаса, әрі індетке қатысты жағдай жақсармаса, осылай істеуге тура келеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі ескертті. Елжан Біртанов екі айға созылған қатаң карантиннің арқасында ахуал бақылауға алынғанын айтады. Бірақ, бұл босаңсуға себеп емес.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.05.2020
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл пандемия әлі біткен жоқ. Себебі, толқынмен өтіп жатыр. Карантиндік жағдайда төмен түседі. Бірақ карантиндік шектеу мәселесіне тоқтатсақ, қайтып қайтарылады. Осындай дүниежүзіндегі пандемияны тоқтатуымыз үшін әр адам, әр азамат, әр мемлекет, жалпы карантиндік шараны сақтауы қажет. Эпидемияны тоқтатуымыз үшін бетперде тағу өте маңызды. Және жеке гигиена. Себебі, тек ауа-тамшылы ғана емес, қол арқылы да жұғуы мүмкін.
Министр кеңсе қызметкерлерінің жартысы әлі де қашықтан жұмыс істегені дұрыс дейді. Сол кезде ара қашықтық сақталып, инфекцияның таралу қаупі азаяды. Оның айтуынша, еліміздегі коронавируспен тіркелген науқастардың 70 пайызында ауру белгілері болмаған. Кей мемлекеттерде мұндай адамдар есепке алынбайды. Алайда симптомсыз науқастардың да өзге адамдарға вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан оларды оқшаулағанда ғана індетті жеңуге болатынын айтады. Ауру белгісі жоқ науқастар профилактикалық скрининг барысында тіркелген. Қазір елімізде күніне 25 мың адам коронавирусқа тест тапсырады. Ал карантин басталғалы жалпы саны 711 мың адам тексерілген. Сынамасынан Covid-19 анықталған отандастарымыздың 85 пайызының жағдайы жеңіл. Ал 13 пайызы, яғни, 543 науқастың денсаулығы «орташа» деп бағаланып отыр. Індет жұқтырған 58 адам ауыр жағдайда. Оның ішінде, 19 науқас жасанды желдету аппаратына қосылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!