Бурабайда полиция қызметкері адам қағып өлтіріп, қашып кеткен
Полиция қызметкері тағы да жол апатын жасады! Жылдамдықты шамадан тыс асырған шенді тәртіп сақшысы Бурабайға кіре берісте адам қағып кеткен. Төлем терминалына барып, жолақысын төлеп тұрған кісі сол жерде жан тәсілім етті. Соққының қатты болғаны сонша, марқұм 40 метрдей ұшып, денесі бөлшектеніп кетіпті. Ал полицей оқиға орнынан із суытқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.05.2020
Нұрлан Жүнісов таңертеңгісін Макинск қаласына іс-сапарға кеткен. Ол Көкшетаудағы электр желілері торабында бағаналар таситын жүк көлігінің жүргізушісі. Жолда көліктен түсіп төлем терминалына жол ақысын төлемек боп жақындағанда, жүйткіген көлік кеп соққан.
Маржангүл Нүкенова, марқұмның қызы:
- 40-43 метрге ұшып кеткенін айтты. Ұшқаны соншалық, Щучьеде соққаннан кейін тоқтамаған, ары қарай кетіп қалған. Мас болған, мас болған дейді, иә.
«Мұсылмандық жолмен шаңырағында бір түнетіп, арулап барып жерлей алмадық» - деп өкінеді туысқандары. Өйткені марқұмның денесі бөлшектеніп қалған, мәйітханадан әкеле есік алдынан жөнелткен. Ал оқиға орнынан қашып кеткен Макинск қалалық желілік полиция бөлімшесінің бастығы екен. Басшылары оны қызметінен шығарып үлгеріпті.
Ләззәт Қасымжанова, ҚР ІІМ Көліктегі ПД баспасөз хатшысы:
- Көліктегі полиция департаменті бастығының ағымдағы жылғы 27-мамырдағы бұйрығымен Макинка станциясындағы желілік полиция бастығы, майор Роллан Қанғожин ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар Көкшетау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы атқарып отырған лауазымынан босатылды.
Жол апатын жасап адам өліміне себепші болған бөлімше бастығының бұл әрекетіне департаменттің басшы құрам санатындағы бірнеше қызметкерді де тәртіптік жауапқа тартқан. Қазір полиция майоры қамауға алынып, «Жол ережесін өрескел бұзу» бабымен тергеліп жатыр. Ал оқиға орнын қашып кеткені туралы бір ауыз сөз жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!