Оффшорға кеткен 140 миллиард доллар елге қайтқан жоқ
Елімізден 140 миллиард доллар шетелдік оффшор банктерге кеткен. Соның бір тиыны да елге қайтқан жоқ. Оларға қатысты 200-ден астам қылмыстық қозғалса да, түк қайыр болмай, бәрі жабылып тыныпты. Заңымыз бөтен елдің беймәлім банктерінде жатқан бай-шонжарлардың капиталын қайтару тұрмақ, бақылауға қауқары жетпейді екен. Жауыр болған мәселені бүгін сенаторлар қайта қозғады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.05.2020
Жоғарғы палата депутаттары шетелге кеткен ақшаны бақылау пен бағалаудың бірыңғай жүйесі жоқ деп ашынып отыр. Сыртқа кеткен қыруар қаржының жайы:
Шекара асқан миллиардтарды елге қайтару жайын осыдан үш жыл бұрын Елбасы көтерген. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев қанша қаржының шетелге кеткенін де жайып салып, олигархтарға офшорға кеткен миллиардтарды заңдастыру қажеттігін айтқанеді. Тапсырманы орындауға уәде берген Сағынтаев қазір Алматының әкімі. Ал бұл тақырып жабулы қазан күйінде қалды.
Қазақстанда толағай табысқа кенеліп, жиған-тергенін мемлекеттен жасыратын біздегі қалталылар соңғы 20 жылда 140 миллиард долларды шетелге жіберген. Бұл деректі сенаторлар еліміздің қаржы бақылау қызметтерінен емес, халықаралық ұйымның дерегінен алыпты. Қаржыны ешкімнің қайтарғысы жоқ. Шетелдегі капиталға мониторинг те жүргізілмейді екен.
Ольга Перепечина, Сенат депутаты:
- Қазақстаннан капиталды заңсыз шығару мәселесі әрдайым өзекті. Себебі, елдің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Біз шетелге қанша капитал шығарылып жатқанын білмейміз. Себебі, бірыңғай мониторинг және бағалау жүйесі жоқ, мемлекет тиісті зерттеу жүргізбей келеді. Сондықтан біз сарапшы ұйымдардың бағалауына жүгінуге мәжбүрміз.
Сарапшы-экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Сенат депутатының келтірген дерегі шындыққа жанаспауы мүмкін. Өйткені, «Forbes»-ке кірген 6-7 қазақстандық бай-бағланның бар жиғаны 15-16 миллиард доллардай ғана болады дейді. Экономист оффшордағы қаржыларды анықтау үшін жалпыхалықтық декларацияға өту керек деген пікірде.
Сапарбай Жобаев, экономика сарапшысы:
- Тезірек декларацияға өту керек. Оны интернет, анау-мынаумен байланыстыру керек емес. Декларацияда тек қана табысты емес, сонымен бірге, шығындарды да, не сатып алып жатқанын да жоғарыдағы биліктегі адамдар көрсетуі керек. Кеңес одағындағыдай байлар жоқ болсын деп емес, дәулетті адамдар болсын деген саясатқа өтіп жатырмыз ғой. Ашық болсын. «Еңбегің адал болса, палауыңды көшеде же» деген.
Жалпыұлттық және шетел валютасын қайтару талабын орындамау деректері бойынша 2015-2019 жылдары Қаржы министрлігі 238 қылмыстық істі тіркеген. Бір қызығы, соның бәрі жабылып тынған. Тек үшеуі ғана сотқа жолданыпты. Сол үш қылмыстық істің ішінде де қайтару мәселесі қарастырылмағанына депутаттар қайран қалып отыр. Себебі, қылмыстық іс жүргізу кодексінде қайтару міндеттемесі қарастырылмаған.
Оффшорда ақша сақтағандардың ішінде ел алдында жүрген біраз тұлғаларымыздың есімі қылаң беріп жатса, оған таң қалудың қажеті жоқ. Себебі, бұған дейін де кей министріміздің аты іліккені есімізде. Сенатта бүгін тағы көтерілген бұл мәселеге қатысты не Қаржы министрлігі, не Ұлттық банк тілшілерге жауап беруге асыға қоймады. Қай-қайсысы да карантин кесірі қолбайлау деген желеуін алға тартып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!