Алматылық жедел жәрдем жүргізушілері: Адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатырмыз
«Адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатырмыз». Алматыда жедел жәрдем жүргізушілері осылай наразылық білдірді. Қосалқы станцияда қызмет ететіндер бас кеңсенің бар былығын жайып салғаны үшін жаппай қудалауға ұшыраған көрінеді. Наразы топ: «Басшылық пандемияда уәде етілген үстеме ақыны толық төлемей, жалақыны да дұрыс есептеуден қалды» - деп күйінеді.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
29.05.2020
Оған қоса, шұғыл медициналық көмекке жіберілетін көліктердің қайта-қайта бұзылуы жүргізушілердің бас ауруына айналыпты.
Алматының жедел жәрдем жүргізушілері жанына батқан жағдайды айтуға жиналды. «Шыдамның да шегі бар» деп шырылдағандар: «Басшылық ауысқалы жалақы дұрыс есептелінбей, жұмыс уақыты еселенді» - деп ашынады. Қауіп өтінде жүрміз деген наразы топ уәде етілген үстемақыны да толық алмағанын айтады.
Мұрат Малаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Бұрын аптасына 8 тәулік істесек, жалақы дұрыс берілетін. Қазір 8 тәулік істесек, «жіберілмейді» дейді. Науқстардың, фельдшерлердің өмірі жүргізушінің қолында. Неге қысқартып жатыр? Берген үстемақылары әр түрлі. Оны ешкім бізге түсіндіріп бермейді. Сонда жүргізушілердің еңбегі далаға кетейін деп тұр. Әрқайсысының бала-шағасы, несиесі бар.
«Мерекеде берілген сыйақыны мекеме басшылығы қайта сыпырып алады» - дейді жүргізушілер. Ал медициналық көмекке шұғыл жету жүргізушілерге мұңға айналған. Өйткені арнайы көліктер жетіспейді, әрі әбден тозған. Одан қалса, қайта-қайта бұзылып, жиналғандардың қалтасына салмақ түсіреді екен.
Абылай Мұқан, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Көліктердің жалпы жағдайы жалынышты. Соның бәрін ақырындап айдап жүрміз. Ол бұзылған жағдайда, тұрып қаламыз. Тұрып қалсақ, уақытын төлемейді. Заң бойынша бөлшекті сатып алып беру керек. Бірақ біз екі-үш ай жатпау үшін өзіміз ақша жинап, сатып аламыз.
Бірақ жүргізушілердің айтқанын жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы жоққа шығарды. Тіпті дүрсе қоя берді.
Азамат Ықсанұлы, Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы:
- 34 пайыз жедел жәрдем бригадасы ескірген. Бірақ біз жыл сайын жаңартып жатырмыз. Көлік сайманын ешкім сатып алмайды. 2019 жылға дейінгі жағдайға жауап бермеймін. Ал одан кейін бәрі дұрыс. Сатып алыңдар деп кім айтты сендерге?! Жалған ақпараттың қажеті жоқ.
Бар былықты жіпке тізіп, құзырлы министрлік пен Бас прокуратурға хат жазғандар енді «қудалауға түсеміз бе?» деп үрейленіп отыр. Тіпті домалақ арызға қол қойған жүргізушілерді қыспаққа алу басталып та кеткен көрінеді. Әділдік іздегендер жедел жәрдем қызметінің Алматыдағы бас кеңсесінде қызметтік тексеру жүргізілсін деген талап қойды. Ал бұл жанжалдың кесірі шұғыл медициналық көмекке зәру науқастарға тимесе игі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!