Қауіп бар: Шегірткелермен күреске бір жарым миллиард бөлінді
Биыл Қазақстанда шегірткелердің қаптайтын түрі бар. Жәндіктер қазір Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Африка елдерін басып үлгерген. Бұл елдерде шегірткелердің қаптап кетуі соңғы 25 жылда болмапты. Түк қалдырмай бәрін жайпап жатқан зиянкестердің Қазақстанға өтуі ғажап емес.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.05.2020
Алмабек Марс, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:
- 2020 жылы 554 мың га алаңда үйірлі шегіртке, соның ішінде италиялық прус 295 мың га, азиялық шегіртке 164 мың га және марокколық шегіртке 93 мың га алаңға таралуы күтілуде. Бұдан басқа саяқ шегірткенің таралуы 266 мың га алаңға болжанып отыр.
Шегірткеге қарсы күреске шамамен бір жарым миллиард теңге бөлінген. Мамандар қауіпті жәндіктерді дер кезінде жоюға барын салып жатыр. Зиянкестердің жүруі мүмкін аумақтың 95 пайызына химиялық улау заттары себілмек. Биыл Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына шегірткемен күресу қиын болмақ. Шегірткелердің жер-жерді жайпап жатқанына БҰҰ да алаңдаулы. Жәндіктердің кесірінен Африка, Үндістан елдерінде ашаршылық жайлауы мүмкін. Айта кетерлігі, халықаралық ұйымның мәліметіне сәйкес, бір үйір шегіртке тәулігіне 35 мың адам тамақтанатындай аумақты ойрандайтын көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!