Алматыда ірі қойманың өртін сөндіруге тікұшақтар көмекке келді
Алматыда ірі қойма отқа оранды. Қызыл жалынның қарқыны қатты болғаны соншалық, өрт сөндірушілер тілсіз жаумен екі сағат арпалысып әрең дегенде ауыздықтады. Ырық бермеген отты өшіруге тікұшақтар көмекке келді.
Автор: Мақсат Мәлік
29.05.2020
Мототехника қоймасындағы алапат өртті сөндіруге екі бірдей тікұшақ жеткізілген. Олар бірнеше мәрте қатынап, ауық-ауық төбеден су себумен болды. Бұдан өзге 24 өрт сөндіру көлігі мен 100 адам жұмылдырылған. Төтеншеліктердің айтуынша, түскі екі жарымда тұтанған өрт ыстықта одан сайын өршеленіп, төрт мың шаршы метр аумақтағы қойманың жартысына жуығын жалмап үлгерген. Кәсіпкерлер орасан зор шығынға батты деген болжам бар. Өйткені қойма ішінде скутер, квадроцикл, мотоцикл секілді көлік түрлері мен қағаз өнімдері сақталған.
Руслан Қасыбаев, Алматы қалалық ТЖД өрт сөндіру апаттық құтқару қызметінің бастығы:
- Қазір өрт сөндірілді. Жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Өрттің себебі әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары