Алматыда ашылған «барахолканың» қазіргі тыныс-тіршілігі
Ескі тауар көп, жаңасы жоқ! Бүгін Алматыдағы ең ірі базарлардың бірі – «Барахолка» ашылды. Әзірге киім-кешек және көтерме сауда нүктелерінің жұмысы қайта жанданған. Екі ай табыссыз жатқан саудагерлер енді жаңа тауардан таршылық көріп отырғанын айтады. Оған қоса, шекара жабылуы мен валюта нарығындағы тұрақсыздық бағаны көтеріп жіберген.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
01.06.2020
«Барахолканың» Алматыдағы ең ірі базарлардың бірі – «Барахолка» ашылды төтенше жағдайдан кейінгі тіршілігі қандай?
Алматыдағы ең ірі «Барахолка» базары тұрғындарға есігін айқара ашты. Тіршілігі екі ай бойы тұралаған базардың енді жұмысы қайта жанданбақ. Тіпті, алғашқы күннің өзінде мұнда келген тұтынушылардың қарасы қалың. Алайда коронавирус қаупі сейілмейінше, сауда орындары санитарлық талапты қатаң сақтауы тиіс.
Ал төтенше жағдайда сауда жасаудан қалған қарашаның бүгін қуанышында шек жоқ.
Айнұр Ақанқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Балалар қыс бойы өсіп кетті. Былтырғы киімі сыймайды. Содан биыл ештеңке ала алмай жүрміз. Базардың ашылғаны жақсы болды.
Карантинде табыссыз қалып тауарлары тау болып үйілген Айсұлу да бұл күнді асыға күтті. Киім-кешек сататын кәсіпкерге шекараның жабылуы мен доллардың қымбаттауы «жығылғанға жұдырық» болыпты.
Айсұлу Жайшиева, кәсіпкер:
- Екі ай ашылған жоқ. Үйден шықпай жаттық. Дезинфекция жасап жатты. Ешқайда шыққан жоқпыз. Тауар бағасы долларға байланысты. Долар көтеріліп кетсе, баға өсіп кетуі мүмкін.
Базар ішінде қорғаныш құралдарының саудасы қыз-қыз қайнап тұр. Өйткені әр сатушыға бетперде тағып, кіреберіске антисептик қою міндеттелген. Сондай-ақ, олар бутикке бір адамнан артық кіргізбей, ара қашықтың сақталуын ұдайы қадағалап отыруы тиіс.
- Антисептик қанша тұрады?
- Мыналар 4500 теңгеден.
Жүк тасып, күнделікті нәпақасын тауып жүргендер де құлшыныспен іске кіріскен. «Жата-жата жалықтық» деген жұмысшылар қиын-қыстау кезеңде қарызға белшесінен батқанын жасырмайды.
Төребек Төлепов, жүк тасушы:
- Жұмысқа шыққан дұрыс қой. Базардың ашылғаны да дұрыс. Қуанып жатырмыз.Қиын болды. Жұмыссыз жатып қалдық қой. Бала-шағаны бағу керек. Бәрінің тірлігі осы.
Бірақ «Олжа», «Барыс», «Адем» базарлары әлі ашылмапты. Ашық аспан астында қаз-қатар тізіліп, жабайы сауда жасайтындар да көзге шалынбады.
Алдағы уақытта адам аяғы үзілмейтін бұл ірі базарда ауқымды тексеріс жүргізіліп, карантин талабын сақтамаған сауда нүктелері қайта жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!