Covid-19: Екі рет тексерілген сау адам ақыры кеселден көз жұмды
Covid-19 дерті тағы бір адамның өмірін жалмады. Ол – 53 жастағы Орал қаласының тұрғыны. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, марқұм Атыраудағы Теңіз кеншінде жұмыс істеген. 3-мамырда үйіне оралған көрінеді. Бір таңқаларлығы, қайтыс болған кісі келген бойда екі мәрте тексерістен өтіп, сау деп көрсеткен. Кесел кейін шығып отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
01.06.2020
Болатбек Каюпов, БҚО ДСБ басшысы:
- Ол алдымен провизорлық стационарға алынып, тексеріс теріс нәтиже берген соң, үй карантиніне жатқызылған. 10-мамырда науқастың тәбеті жоғалып, әлсіздік пайда болған. Бірақ сонда да медициналық көмекке жүгінбеген. Тоғыз күннен кейін хәлі нашарлап, жедел жәрдем шақыртып, дәрігерлерге қаралған. Үшінші тест сынамасы оң нәтиже көрсеткен.
Сырқат шұғыл жан сақтау бөліміне түскен. Бірақ дәрігерлер ауруы асқынған жанның өмірін сақтай алмапты. Осылайша оралдық тұрғын қатерлі дерттен қайтыс болған 41-ші адам болып тіркелді.
Жалпы еліміз бойынша жұқпаға шалдыққандар саны 11 мыңнан асты. Соңғы бір тәулікте 450 адамнан осы вирус анықталған. Нұр-Сұлтан мен Алматы індет тарау дерегімен әдеттегідей көш басында. Қарағанды мен Қызылорда, Ақмола мен Атырауда да жағдай мәз емес. Мұнайлы өңірде бір тәулікте 69 адам індетке шалдыққан. Оның 54-і – Теңіз кен орнындағы мердігер мекемелердің жұмысшылары. Сондықтан алып компания қызметкерлері жаппай тексеріліп жатыр.
Амантай Жұмағалиев, Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Күніне 2 мың, 2 мың жарым адамға дейін тексеруге мүмкіндік бар. Соған байланысты «қауіпті контингенттер» дейді, соның ішінде денсаулық сақтау мекемелері бірінші орында, содан кейін басқа да тиісті мекемелер коронавирус жұқпасына қарсы қызмет атқарып жатқан. Солардың мамандары қазір тексеруден өткізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!